Өңірлер

"Мәжбүр боламыз": Солтүстік Қазақстан облысының әкімі үндеу жасады

Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысы "қызыл" аймақта тұр. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша өңір алғашқы үштікке енді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты үндеу жасады.

Оның айтуынша, облыста эпидемиологиялық ахуал күрделі. Күніне жүздеген адам вирус жұқтыруда. Науқастардың барлығы — екпе алмаған азаматтар.

"Өңірде бүгінде 120 мың адам екпе алмаған. Зейнеткерлердің тек 20 проценті ғана вакцина алған. Тиісінше, ауруханалардағы науқастардың да көпшілігі — қарт адамдар", - деді ол.

Әкім ересектер қарт ата-аналарына қамқорлық жасап, вакцина туралы дұрыс ақпарат жеткізіп, оны алуға ықпал етуге тиіс екенін атап өтті.

"Мен вакцина алмаған 120 мың адамның арасында саналы да жауапты азаматтар бар екеніне сенемін. Мен де, отбасым да екпе алдық. Бұл қауіпсіз және тиімді. Менің сөздерімді вакцина алған 250 мың солтүстікқазақстандық растай алады", — деді Құмар Ақсақалов.

Әкімнің сөзінше, көптеген адамдар әлі де вакцинаға күдікпен қарайды. Алайда жақындарын жоғалтқан жандардың вакцина жайлы көзқарасы өзгерген.

"Жыл басында созылмалы аурулары барларға вакцина алу қарсы көрсетілім ретінде белгіленген. Дегенмен қазір мамандар вакцинаның көпшілік үшін қауіпсіз екенін айтуда", - дейді әкім.

Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысы "қызыл" аймақта тұр. Коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша өңір алғашқы үштікке енді. Өткен тәулікте мұнда 145 адам індет жұқтырды.

Егер жағдай жақсармаса қатаң шаралар қолдануға мәжбүрміз, деді Ақсақалов.

"Жоспарлы госпитализацияны тоқтауға мәжбүр боламыз. Өйткені барлық медициналық мекемелер инфекциялық мақсатта пайдаланылады. Кәсіпорындар қайта карантинге жіберіледі. Бұл экономикаға кері әсер етпей қоймайды. Адамдар жұмысынан айырылып, табыссыз қалады", - деді ол.

Қазан айының ортасында облыстың бас санитар дәрігері коронавирусты жұқтыру көрсеткіші төмендемесе Солтүстік Қазақстанда толық локдаун енгізілуі мүмкін екенін айтқан болатын. 

"Екі аптадан бері облыс "қызыл" аймақта тұр. Егер коронавирусты жұқтыру көрсеткіші төмендемесе біз кәсіпорындардың жұмысын тоқтатып, толық локдаун енгізуге мәжбүр боламыз. Өйткені науқастар саны көбейсе медициналық мекемелерге де үлкен салмақ түседі", - дейді Арман Көшбасов.

Санитар дәрігерлер аурудың өршуін вакциналау көрсеткішінің төмендігімен және "дельта" штамының таралуымен байланыстырады.

Оқи отырыңыз: