Білім

Докторантураға түсуге құжат қабылдау басталды

Енді докторантураға қабылдау "1 оқуға түсуші – 1 компьютер – 1 камера" қағидаты бойынша өңірлік тестілеу орталықтарында электронды форматта өтеді
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 қараша — Sputnik. Докторантураға түсу үшін құжаттарды қабылдау бірінші қарашада басталды. Ол 15 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетері, биылдан бастап магистратура мен докторантураға оқуға түсу бойынша өзгерістер енгізілді. Енді құжаттарды қабылдау жылына екі рет жүргізіледі. Конкурсқа жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын-соңды түсу емтиханын тапсыра алмағандар да қатыса алады.

Сондай-ақ биыл докторантураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енді докторантураға қабылдау "1 оқуға түсуші – 1 компьютер – 1 камера" қағидаты бойынша өңірлік тестілеу орталықтарында электронды форматта өтеді.

Қабылдау емтиханы эссе жазу, докторантурада оқуға дайындық тестілеуі және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихандардан тұрады.
Оқуға түсу үшін емтиханға қатысуға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі.

Қабылдау емтиханы 2021 жылдың 18 қарашасынан 11 желтоқсанына дейін өтеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде оқуға түсу үшін үміткер кемі 75 балл жинауы қажет.

Докторантураға оқуға қабылдау 2021 жылдың 26 желтоқсаны мен 10 қаңтары аралығында өтеді.

Докторантураға түсу үшін қандай құжат қажет:

  1. білімі туралы құжат (түпнұсқа, құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезде)
  2. жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі).
  3. 075/у нысанындағы медициналық анықтама;
  4. 3x4 көлеміндегі алты фотосурет
  5. кадрларды есепке алу жөніндегі жеке іс парағы немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек қызметін растайтын өзге де құжат
  6. соңғы күнтізбелік 3 жылдағы ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың тізімі (ғылыми жарияланымдар, зерттеулер жүргізу жоспары, эссе және басқа құжаттар).
  7. шет тілін меңгергенін растайтын сертификат:
  8. ағылшын тілі: IELTS Academic (International English Language Testing System Academic) – кемінде 5,5 балл;
  • TOEFL IBT (test of English as a Foreign Language Internet-based test) – кемінде 46 балл;
  • TOEFL PBT (test of English as a Foreign Language Paper-based test) – кемінде 453 балл;
  • неміс тілі: Deutsche Sprachpruеfung fuеr den Hochschulzugang (DSH, Niveauv2/B2 деңгейі), TestDaF-Prufung (Niveau B2/B2 деңгейі);
  • француз тілі: TFI (test de Franzais International ) – оқу және тыңдау секциялары бойынша В2 деңгейінен төмен емес, DELF (Diplome d ' Etudes en
  • Langue franzaise) – B2 деңгейі, DALF (Diplome Approfondi de langue franzaise) – В2 деңгейі, TCF (test de connaissance du franzais) - кемінде 50 балл.

Айта кетері, талапкерлер 1 қарашадан бастап магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжат тапсыра алады.

Оқи отырыңыз: