НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Америка президенті Джо Байден Ватиканда өзін қарсы алған шіркеу қызметкерлеріне "Мен Джилдің күйеуімін" деп өзін таныстырды. Бұл жөнсіз қалжың Джо Байденнің Еуропа елдері көшбасшыларымен кездесуінен бастап екі күндік G20 саммитіне дейінгі барлық іс-шараның ойдағыдай өтпегенін аңғартқандай болды, деп жазды РИА Новости.
Бұл сапар президент кортежінің Мәңгілік қала көшелерімен жүріп өтуінен басталды. Алайда қалыпты жағдайда адам қарасы азаймайтын Рим көшелерінен тірі жан табылмады. Жол бойында қатарынан тізіліп тәртіп сақшылары ғана тұрды. Ал броньдалған авто Рим көшесімен асықпай жүріп отырды. АҚШ президенті мен басқа да элита Ватиканға Рим папасымен кездесу үшін сексен екі көлікпен келді. Сонда Еуропа мен Батыс насихаттайтын көміртектен азат болу идеясы қайда?
Көп жылдан бері әлемді нарық басқарады деген уәж жиі айтылғанмен, Америка президентінің соңғы үш күндегі белсенділігі бұл ойдың жаңсақтығын дәлелдеп тұр.
Одан кейін АҚШ AUKUS деп аталатын жаңа әскери одаққа Австралияны шақырып, оны француз суасты қайықтарын дайындауды қарастыратын бірнеше миллиардтық келісімшартты бұзуға итермеледі. Осылайша олар француздарға үнді-қытай елдерінде енді америкалықтар, ағылшындар мен австралиялықтар билік ететінін аңғартты. Ал Макрон алғаш рет қатты ашуланып, Вашингтоннан өз елшісін қайтарып алды.
Бірақ Ватикандағы француз елшілігіндегі кездесу барысында қос президент бұл реніштің жойылғанын байқатты. Бірақ Байден Макроннан кешірім сұраған жоқ. Ол бар болғаны "Мен білмедім. Мен Франция AUKUS жайлы хабардар деп ойладым" дегеннен ары аспады.
АҚШ президенті осы жолы Еуропаны энергиямен қамсыздандыру мәселесін де шешіп алуды көздеді. Канцлер Меркель Украинаны жақтауы керек болатын. Қыркүйекте Германия мен АҚШ көшбасшылары мәмілеге келді. Меркель немесе оның ізбасары Ресейдің 2034 жылға дейін Украинаны газбен қамтамасыз етуіне қол жеткізеді, ал осы үшін америкалықтар немістерге "Солтүстік ағын – 2" газ құбырын қолдануға рұқсат береді деп жоспарланды.
Міне, осының барлығы "еркін нарық" ретінде насихатталады. Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға ұмтылып, әділ ереже мен жүйеге үміт артқанымен, ұйымға кіре салысымен шеттету, протекционизм және әкімшілік ресурсты асыра пайдалану фактілеріне тап болды.
Енді Ресей өзі жүргізген газ құбырын іске қосу үшін Украинаны қамқорлығына алуы қажет болып отыр. Әйтпесе америкалықтар немістерге әрекет етуге рұқсат етпейтін түрі бар.
Байденнің батыс көшбасшыларымен Римде кездесуі Америка сыртқы саясатының негізгі пробеламасын көрсетті. АҚШ басқа елдерге түрлі ымыра, келісім, келісімшарт, конвенцияны жүктейді де, өзі сол құжаттардан емін-еркін біржақты тәртіпте шығып кетеді және содан кейін де проблемаларға араласуға тырысады.
Соңғы уақытта Американың осындай әрекеттерінен оның ең жақын одақтастары да зардап шегіп отыр. 2015 жылы Вашингтон Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімді қолдап, 2018 жылы одан шығып кетті, қазір тағы да келіссөз үстеліне отыруға ниет білдіріп отыр. Климатқа қатысты Париж келісімі бойынша да дәл осы жағдай қалыптасты. 2015 жылы АҚШ оған кірді де, 2020 жылы шығып кетті, 2021 жылы қайта кірді.
Еуропалықтар өз үйлерінде тоңып, бензин алу үшін кезекте тұрса, Америка қаннен-қаперсіз мұнай айдап, газ өндіруде және табыс табуды жалғастырып жатыр. АҚШ-қа қатысты ешқандай көміртек салығы енгізілген жоқ: мұны еуропалықтарға орындату әлдеқайда тиімді болып отыр.
Коронавирус пандемиясы президент Путин мен ҚХР басшысы Си Цзиньпиннің "Жиырмалық" кездесуіне және Глазгодағы климат жөніндегі жиынға бармау туралы шешімінде рөл ойнағаны сөзсіз. Бірақ батыстық серіктестердің мәселені бүгіп қалуы одан да маңызды болып отыр. Жаңа құжат, жаңа келісім жасалғанымен, ол құжаттан қалаған уақытта шығып кете беруге болса, мұның еш тиімділігі болмайды.
Римдегі "Жиырмалық" кездесуі біртіндеп Глазгода жоспарланған климат жөніндегі жиынға қарай ауысып барады. Джо Байден ол басқосуға жылынуға қарсы бағытталған америкалық саясатты ала барды. Ол беделді Foreign Affairs журналында жарияланды. Ол құжат үкіметтері "климаттық апатты" жеңе алмайтындықтан тәуелсіз мемлекеттер қажет емес деген ойды насихаттайды.
Сондықтан америкалықтар басқаратын әлемдік үкімет қажет-мыс. Сондай-ақ Ұлыбритания сынды бірқатар еуропалық мемлекет өкілдеріне де лауазым беріледі. Осылайша АҚШ "мемлекет ресурстары ұлттық құндылық емес, ол әлемге тиесілі" деген ойды алға тартып отыр. Егер бір мемлекет ресурсты дұрыс пайдаланбаса, онда оған шетелдік интервенция қажет болады. Дәл осылай жазылған. Сонымен қатар америкалық климаттық жаңа саясат экология бойынша алуан түрлі халықаралық келісімдерге қол қойған мемлекеттерге таралады.
Әрине, АҚШ бұл ойын жүзеге асыруы екіталай. Қытай мен Ресей президенттерінің аталған жиынға қатысудан бас тартуы көп жағдайды аңғартып тұр. Осы екі президентсіз қандай да бір ымыра жасалуы мүмкін емес.
Қалай болғанда да, Байден өз еліне аттанғаннан кейін еуропалықтар шынайы өмірге қайта оралып, Ресей және Қытаймен байланысты қайта қолға алуға, оны түзеуге әрекет етуге және АҚШ-тың ықпалын әлсіретуге тура келеді.