Экономика

Мамин демалыс күні министрлер мен әкімдерді жинады

Үкімет басшысының қатысуымен өткен жиналыста Қазақстанда бағаны тұрақтандыру мәселесі көтерілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин үкіметтің цифрлық кеңсесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселесі бойынша кеңес өткізді. Отырысқа орталық мемлекеттік органдар басшылары мен өңір әкімдері қатысты, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

"Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы 0,1% өсті.  Бұған жұмыртқа бағасының 0,7%-ке және қырыққабат бағасының 0,8%-ке көтерілуі әсер етті. Сонымен қатар пияз (-0,9%), қарақұмық жармасы (-0,6%), сиыр еті мен рожки (0,1%) бағасының төмендегені байқалады. Сүзбе, сәбіз, күнбағыс майы, күріш және қант бағасы өзгерген жоқ", - делінген хабарламада.

Жалпы, қазан айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының динамикасы 2016-2020 жылдары осындай кезеңдегі орташа мәнмен (1%) салыстырғанда неғұрлым баяу қарқын (0,7%) көрсетті.

Өңірлерде "айналым схемасын" қаржыландыру 46,1 миллиард теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 92,2%-ға қамтамасыз етілді. 373 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар сатып алынды, бұл өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 22%-ке артық.

Республика бойынша өңірлер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен үш айлық кезеңге 115,7% (аптасына +23 п.т.) қамтамасыз етілген. Бір апта ішінде қордың айтарлықтай өсуі Павлодар, Маңғыстау, Түркістан облыстарында тіркелді. Форвардтық сатып алу аясында биыл 769,3 мың тонна өнімге, оның ішінде 684 мың тонна жұмсақ бидайға келісімшарт жасалды.

Оқи отырыңыз: Көрші елдерде індет қайта өршіді: Мамин тапсырма берді

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Түркістан облысында тауық жұмыртқасын сататындарға қатысты тергеу жүргізді. Өңірлік сауда желілерімен және күнбағыс майын ірі көтерме жеткізушімен әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенстің 10 актісі жасалды.

Жалпы, республика бойынша монополияға қарсы комплаенстің 135 актісі жасалды.

Баға өскен өңірлерде тауар нарықтарын сараптау аяқталып, тауық еті мен жұмыртқасын өндірушілерге қатысты тергеу басталады.

Премьер-министр әкімдерге "айналым" схемасын қаржыландыруды ұлғайту, өнімдер бойынша үш айлық қорды ұсынылған көлемге дейін жеткізу, форвардтық сатып алу аясында Азық-түлік корпорациясына астық жеткізу қарқынын арттыру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ сауда субъектілерінің сауда үстемесін асырып жіберу фактілеріне жедел ден қоюды тапсырды.