НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта жүргізуші куәлігін емтихансыз беру фактілерін өз көзімен көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"24-і күні соңғы рет Нұр-Сұлтан қаласының халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталығында болдым. Шынымды айтсам, жұмысына көңілім толмады. Себебі кейбір фактілер анықталды. Оны жемқорлыққа жатқызып отырмын. Өйткені адамдарға теориялық және практикалық емтихансыз жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік жасалды. Иә, ондай жағдайлар аз шығар. Бірақ біз шын мәнінде қанша рет болғанын білмейміз ғой", - деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Министр жүргізуші куәлігін алу процедурасынан өзі де өткен. Сол кезде емтихансыз құжатты қалай алуға болатынын көріпті.
"Қазіргі кезде біз тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Тосқауыл қойылды. Мәселен кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы халыққа қызмет көрсететін мамандандырылған орталықта үш адам ғана жүргізуші куәлігін алды. Бұл дегеніміз, бақылау күшейтілді. Қосымша адамдарды қойдық. Олар емтиханға кіретін адамдарды тексеріп отырады", - деп атап өтті Мусин.
Оқи отырыңыз: