НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кітаптардың шығатынын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары елдің барлық аймақтарын және мемлекеттік шекараны аралады. Жұмыс сапары аясында жедел қызметкер мен шекарашының ерен еңбегі туралы халықтың аз білетіні байқалды.
"Сондықтан борышын мінсіз орындап жүрген жандар туралы айтатын уақыт келді деп ойладым. Олардың мемлекет егемендігіне қосқан үлесін айтқымыз келді. Азаматтардың бейбіт өмірі үшін біздің қызметкерлер күні-түні ыстық-суыққа қарамай, қызмет атқарады. Олар – біздің батырларымыз. Бұл кітап – солар туралы жазылған. Оның негізінде нақты адамдар, құпиясы ашылған оқиғалар мен деректер бар", - дейді Мәсімов.
Комитет екі кітапты шығарады. Біреуі "Отандық арнаулы қызметтің хроникалары. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар", екіншісі - "Мемлекеттік шекара" жинағы.
Кітаптар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекетіміздің шептерін қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы баяндайды.
Басылымдарға қазіргі уақытта құпиясыздандыруға жататын жайттар ғана енгізілді.