Спорт

Қазақ боксшысы жеңген жекпе-жекте қызық жағдай болды – видео

57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жекте моңғол боксшысы Энх-Амар Хархуумен кездескен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Сербияның Белград қаласында бокстан Әлем чемпионаты басталды. Бірінші боксшымыз Азия чемпионын жеңді. Бірақ осы жекпе-жекте қызықты жағдай болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жекте моңғол боксшысы Энх-Амар Хархуумен кездескен. Қарсыласы – Азия чемпионы. Жерлесіміз оны ұпай саны жағынан ұтты. Есеп – 5:0.

Алайда жеңімпазды жариялағанда қызыл бұрыш аталса да, Энх-Амар Хархуудың есімі айтылды. Сол кезде түсініспеушілік болып қалды. Моңғол боксшысы қолын көтеріп, дикторды көк бұрышты қызыл бұрышпен шатастырып алды деп ойлады.

Айта кетері, Серік Теміржановтың келесі қарсыласы – жапондық Рейто Цуцуми. Ол 2019 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған.
Сербия астанасына 13 боксшымыз аттанды.

Олар:

  • Теміртас Жүсіпов (48 келі);
  • Сәкен Бибосынов (51 келі);
  • Махмұд Сабырхан (54 келі);
  • Серік Теміржанов (57 келі);
  • Саматәлі Төлтаев (60 келі);
  • Санатәлі Төлтаев (63,5 келі);
  • Абылайхан Жүсіпов (67 келі);
  • Асланбек Шымбергенов (71 келі);
  • Нұрқанат Райыс (75 келі);
  • Нұрбек Оралбай (80 келі);
  • Бек Нұрмағанбет (86 келі);
  • Айбек Оралбай (92 келі)
  • Нұрлан Сапарбай (+92 келі).

Сербия астанасына баратын боксшылардың капитаны Абылайхан Жүсіпов болады.

Әлем чемпионатының сыйақы қоры 2,6 млн АҚШ долларын құрап отыр. Алтыннан алқа таққандар 100 000 долларға ие болады. Күміс медаль үшін 50 000, ал қолаға 25 000 доллар беріледі. Чемпионат 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.

Командада Токиоға барған үш боксшы бар

Белградқа баратын команда капитаны Абылайхан Жүсіпов биыл Токио Олимпиадасына қатысқан. Бірақ алғашқы жекпе-жекте америкалық боксшыдан ұтылып қалды.

Одан бөлек, Әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың ішінде Токиоға барып келген тағы екі боксшы бар. Олар – Серік Теміржанов пен Сәкен Бибосынов. Теміржанов екінші айналымнан аса алмаса, Бибосынов қола жүлдегер атанған болатын.

Олимпиададан кейін Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев команданың 80 процентке жаңаратынын айтқан. Оның айтуынша, кәсіпқой бокста жүрген спортшылар да келуге дайын.

"Биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бокстаса алады. Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Олимпиаданың қателігін де сол жерде өзгертеміз", - деді Артаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Айта кетері, 2019 жылғы әлем чемпионатында Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) алтын жүлдеге ие болса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс медальді жеңіп алды. Тағы төрт боксшымыз қоланы қанағат тұтты.

Оқи отырыңыз: