Спорт

Әлем чемпионатына баратын боксшылардың тізімі жарияланды

© Sputnik / Владислав ВодневБоксеры на тренировке
Боксеры на тренировке - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.10.2021
Жазылу
Әлем чемпионатының сыйақы қоры 2,6 млн АҚШ доллары шамасында. Алтын медаль алғандар 100 000 долларға ие болады

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Қазақстанның бокс федерациясы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, екі оқу-жаттығу жиыны нәтижесінде үздік боксшылар анықталды. Ал кейбір салмақ дәрежесі бойынша спаррингтер өткізуге тура келді. Осылайша, бас бапкер Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен әлем чемпионатына аттанатын спортшылар белгілі болды. Олар:

  • Теміртас Жүсіпов (48 келі);
  • Сәкен Бибосынов (51 келі);
  • Махмұд Сабырхан (54 келі);
  • Серік Теміржанов (57 келі);
  • Саматәлі Төлтаев (60 келі);
  • Санатәлі Төлтаев (63,5 келі);
  • Абылайхан Жүсіпов (67 келі);
  • Асланбек Шымбергенов (71 келі);
  • Нұрқанат Райыс (75 келі);
  • Нұрбек Оралбай (80 келі);
  • Бек Нұрмағанбет (86 келі);
  • Айбек Оралбай (92 келі)
  • Нұрлан Сапарбай (+92 келі);

Сербия астанасына баратын боксшылардың капитаны Абылайхан Жүсіпов болады.

Әлем чемпионатының сыйақы қоры 2,6 млн АҚШ долларын құрап отыр. Алтыннан алқа таққандар 100 000 долларға ие болады. Күміс медаль үшін 50 000, ал қолаға 25 000 доллар беріледі. Чемпионат 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.

Командада Токиоға барған үш боксшы бар

Белградқа баратын команда капитаны Абылайхан Жүсіпов биыл Токио Олимпиадасына қатысқан. Бірақ алғашқы жекпе-жекте америкалық боксшыдан ұтылып қалды.

Одан бөлек, Әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың ішінде Токиоға барып келген тағы екі боксшы бар. Олар – Серік Теміржанов пен Сәкен Бибосынов. Теміржанов екінші айналымнан аса алмаса, Бибосынов қола жүлдегер атанған болатын.

Олимпиададан кейін Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев команданың 80 процентке жаңаратынын айтқан. Оның айтуынша, кәсіпқой бокста жүрген спортшылар да келуге дайын.

"Биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бокстаса алады. Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Олимпиаданың қателігін де сол жерде өзгертеміз", - деді Артаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Айта кетері, 2019 жылғы әлем чемпионатында Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) алтын жүлдеге ие болса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс медальді жеңіп алды. Тағы төрт боксшымыз қоланы қанағат тұтты.

Бекзад Нұрдәулетов кәсіпқой бокста бағын сынамақ. 

Жаңалықтар
0