НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Павлодар облысында жоғалып кеткен ағайындылардың біреуінің денесі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"19 қазанда Ақсу қаласының полициясына Екібастұз тұрғыны арызданды. Айтуынша, 5 қазан күні 17.00 шамасында 1967 және 1985 жылғы ағалы-інілі екі ер адам Ақжол ауылы маңында орналасқан шаруа қожалығына тиесілі мал жайылымынан кетіп қалған. Бүгінге дейін олардың қайда жүргені белгісіз", - деп мәлімдеді өңір полициясы департаменті.
Іздеу жұмыстарына полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел іздеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларына еріктілер көмектесуде.
25 қазан кешке жайылымнан 20 шақырым жерде, жазық даладан 54 жастағы ер адамның денесі табылды. Марқұмның денесінде күштеп өлтіру белгілері жоқ.
Сот-медициналық сараптама алдын ала болжам бойынша бақташының өліміне дененің қатты тоңуы себеп болғанын көрсетті.
"Облыс еріктілерімен бірге екінші ер адамды іздеу жұмыстары жалғасуда", - деп нақтылады полиция.
Оқи отырыңыз: