Экономика

Қазақстанда тоғыз банк таратылады

Агенттік лицензиялары кері қайтарып алынған банктерді тарату процесі туралы мәлімет берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қазан – Sputnik. Қазақстанда тоғыз банк таратылу процесінде тұр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Агенттік лицензиялары кері қайтарып алынған банктерді тарату өндірісінің  тәртібі, процесі және қазіргі жай-күйі туралы мәлімет берді.

"Қазіргі уақытта 9 банк – Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan таратылу сатысында", - делінген хабарламада.

Банктерді тарату тәртібі мен процесі

Банк қызметін тоқтату кезіндегі негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олармен есеп айырысуды қамтамасыз ету және банктің барлық операциясын аяқтау, деп атап өтті агенттік.

Банк кредиторларының талаптары банктер туралы заңда белгіленген кезекпен қанағаттандырылады:

  • бірінші кезекте, еңбекақы төлеу мен жеке тұлғалар бойынша талаптар қанағаттандырылады.
  • екінші кезекте, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген сома шегінде "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ алдында есеп айырысу.
  • үшінші кезекте, банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша есеп айырысу.
  • төртінші кезекте, үлестес тұлғалар болып табылмайтын жеке тұлғалардың ҚДКҚ кепілдік берілген сомасынан асатын депозиттері бойынша, сондай-ақ зейнетақы активтерінің есебінен жүзеге асырылған депозиттер бойынша және "өмірді сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша есеп айырысуы.
  • бесінші кезекте, коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттар (қайырымдылық ұйымдары, соғыс ардагерлері, мүгедектер қоғамдары) алдында есеп айырысуы.
  • алтыншы кезекте, үлестес емес заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.
  • жетінші кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есеп айырысу, республикалық бюджет қаражаты және Ұлттық қордың қаражаты есебінен берілген қарыздар.
  • сегізінші кезекте, қалған кезектерге кірмеген басқа кредиторлар алдында есеп айырысу.
  • тоғызыншы кезекте, үлестес жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.
  • оныншы кезекте, реттелген борыш және мерзімсіз қаржы құралдары бойынша есеп айырысу.

Тарату өндірісін жедел аяқтау және кредиторлардың талаптарын өтеу мақсатында агенттік банктің тарату комиссиясын тағайындайды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда таратылған банктердегі депозиттерді қайтару ережесі өзгерді

Тарату комиссиясы таратылатын банктің атынан әрекет етеді және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша дербес шешім қабылдай алады: кредиторлар реестрін қалыптастыру, мүлікті сату бойынша сауда-саттықты ұйымдастыру, берешекті сот тәртібімен өндіріп алу.

Таратылатын банктің активтері:

  • банктің меншікті мүлкінен;
  • заңды және жеке тұлғаларға берілген қарыздардан;
  • ақшадан;
  • бағалы қағаздардан;
  • жылжымалы және жылжымайтын мүліктен тұрады.

Таратылатын банктің үйлері мен ғимараттары, өзге жылжымайтын мүлік объектілері, көліктері құнына қарамастан, сондай-ақ таратылатын банктің мүлкінің біреуінің бағалау құны 100 АЕК-тен асатын өзге мүлкі жария сауда-саттық (аукцион) арқылы ғана сатылады.

Банктердің мүлкін сату туралы ақпарат таратылатын банктің сайтында жарияланады.

"Қазіргі уақытта барлық таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандыру дәрежесі әртүрлі сатыда", - деді агенттік.