НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қоры (ҚДКҚ) хабарлағандай, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдендірілген өтемақыны төлеудің жаңа тәртібі енгізілді.
Лицензиясынан айырылған банктердің салымшылары агент-банктің бөлімшелеріне бармай-ақ, тікелей ҚДКҚ-де электронды үлгіде өтініш жолдай алады.
"2021 жылдың 1 мамырынан бастап төлем жасау үшін агент-банкке өтініш білдірмеген 450 мың салымшы кепілдендірілген өтемақыны алу үшін онлайн өтініш жолдай алады", – деп жазылған хабарламада.
Ал мұндай мүмкіндіктер "Tengri Bank" АҚ салымшыларымен қатар, қазір таратылу процесінде тұрған банктердің ("Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ және "Астана банкі" АҚ) клиенттеріне беріледі.
ҚДКҚ (агент-банк арқылы) кепілдендірілген төлемді алуға арналған өтінішті төлем басталған күннен бастап бір жыл бойы электронды және жазбаша түрде де қабылдай береді. Ал таратылу процесінде тұрған банктердің салымшылары 2022 жылдың 1 мамырына дейін өтініш ұсынуы тиіс.
ҚДКҚ кепілдендірілген өтемақысын төлеу туралы өтінішті онлайн режимінде жолдау қолданыстағы тәртіпті жеңілдететінін және салымшылар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, төлемдерді алудың оңтайлы әдісі болатынын атап өтті.
"Бұл олардың жеке уақытын үнемдеуге, агент-банктің филиалына бару шығындарын азайтуға және төлемдердің алғашқы күндеріндегі адамдардың көптеп шоғырлануының алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы кезінде аса маңызды", – деп атап өтті қор өкілдері.
Талап етілмеген қаражат БЖЗҚ-ға қалай қайтарылады
2021 жылдың 1 мамырында төлем басталған күннен кейін салымшылар тарапынан талап етілмеген кепілдендірілген өтемақы сомасы олардың БЖЗҚ-дағы есепшотына ерікті зейнетақы салымы ретінде жолданатын болады.
"Кепілдендірілген өтемақыны төлем мерзімі аяқталуына 30 жұмыс күні қалған уақытта ҚДКҚ салымшыларды БАҚ және жеке сайты арқылы төлем жасаудың аяқталатыны және салымшылар талап етпеген соманың бір жыл ішінде БЖЗҚ-ға аударылатыны туралы хабарландырады", – деді ҚДКҚ.
Бұл сома салымшының ерікті зейнетақы салымы болып саналады және салық салудан босатылады. Сондай-ақ, бұл жағдай қазірге дейін таратылған немесе қазір таратылу процесінде тұрған банктердің клиенттеріне қатысты.
Белгілі себептерге байланысты 2022 жылдың 1 мамырына дейін немесе төлем басталған күннен бастап бір жыл ішінде қайтарылатын соманы талап етпеген салымшылар растайтын құжаттарды қоса ұсыну арқылы өтініш білдіре алады.
Шетелдік филиал депозиттері қорғала ма?
Қазақстан аумағында ашылатын шетелдік банктердің филиалдары құзырлы органнан депозиттерді қабылдау, жеке тұлғалардың банк есепшоттарын ашу және жүргізуге арналған лицензияны алған сәттен бастап депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесінің қатысушысы болады.
Осылайша, шетелдік банктердің филиалдарында ашылған депозиттер де ҚДПҚ-да кепілдендіріледі.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк жеңілдікпен кредит беру үшін қаржыландыру лимитін белгіледі
Айта кетейік, 2 қаңтарда мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған "Экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.
Осы құжат азаматтар үшін кепілдендірілген өртемақыны төлеу тәртібін жеңілдететін депозиттерді кепілдендіру жүйесінің мәселесінде жаңашылдықтар енгізуді қарастырады.