Қоғам

Әрқайсысы 700 мың теңге берген: танымал блогердің үстінен арыз түсіп жатыр - видео

Тауар алып сатуды үйренбек болған әйелдер қазақстандық инста-жұлдыздардың алдап кеткенін айтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан — Sputnik. 700 мың теңгеге курс сатып алып, Стамбулға аттанған бір топ қазақ әйелі көмек сұрайды, деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.

Олар ұйымдастырушылар Түркиядан тауар алып-сату ережесін үйретпек түгілі, қол жұмсап, қоқан-лоққы көрсетеді деп шағымданып отыр. 

Ақгүл Мұратқызы блогер Ұлдана Ерқасымның Стамбулда тиімді сауда жасау жолдарын үйрететін бір айлық курсын сатып алған. Құны – 700 мың теңге.

"Оны ешкімнің басына бермесін. Шетелге келіп, ақша беріп, сені ұрып, телефоныңды тартып алады. Сосын маған Ұлдананың мінезі жаман, сіз барып кешірім сұраңыз дейді. Мен не істерімді білмей, екі балам үшін кешірім сұраймын", – дейді зардап шегуші Ақгүл Мұратқызы.

Ұлдана Ерқасым сұхбат беруден бас тартты.

"Бір ай бойы менің панамда болып, базармен толық танысып, Стамбулға үйреніп, сіңіп кеткенше байланыста болатындай қамқорлық танытылады. Бірақ клиентті алдап, барлық кінәні бізге жапқаны қай сасқаны", - деп жазды блогер  Instagram парақшасында. 

Сондай-ақ ол жала жабылғанын айтып, моральдік өтемақы талап ететінін жазған.

Түркияда сауда жасау курсына қатысып, алданып қалғаны туралы Ақтау тұрғыны да Динара Қосжан деген блогердің үстінен арыз түсірген. Бүгінде Ақтау қаласы полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодекстің 190-бабы алаяқтық бойынша тіркелді.

Ал осы мәселемен айналысып жүрген заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек ақша беріп, алданып қалған қазақ әйелдерінің саны көп екенін айтты.

"Олар сол жақтан депортация жасасын, қайтадан сол елге барып, қазақ азаматтарын алдамасын деген ниетпен біз ол жаққа да арыз түсіріп жатырмыз. Себебі олар Динара Қосжанды, Ұлдана Ерқасымды депортацияласа, олар 5-6 жыл ол жаққа кіре алмайды. Басқа қыздарды алдамайды", – деді президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр блогерден зардап шеккен Ақгүл Мұратқызы Стамбулдағы Қазақстанның консулдығына хабарласпағанын айтады.

Оқи отырыңыз: