НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Семейде мұғалімдерді көше сыпыруға жіберген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың арасында қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков та бар, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұған қоса, министрлік әкім орынбасарына қатысты тәртіптік шара қолдану туралы хат жолдаған.
Сондай-ақ Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко сөгіс алды және әкімшілік жазаға тартылды.
№9 орта мектептің директоры Н.В. Тегай мен №43 орта мектеп директорының міндетін атқарушы А.В. Искрина да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, 16 қазанда әлеуметтік желіде Семейдің №43 мектебінде оқу процесіне кедергі келтіріп, мұғалімдерді сенбілікке көше сыпыруға жібергені туралы ақпарат тарады.
Білім министрлігінің қызметкерлері әкімшілік істі қарады. Тексеріс барысында сенбілікке №43 мектептің мұғалімдерінен бөлек, №9 мектептің мұғалімдері де жіберілгені анықталды.
Мұғалімдер қаланы абаттандыру жұмыстарына Семей қаласы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың хаты негізінде шыққан. Хатта ұстаздардың сенбілікке таңғы сағат 09.00-да шығуын қамтамасыз ету тапсырылған. Әр мектепке аумақты тазарту жұмыстарын жүргізу үшін белгілі бір учаске берілген. Тапсырманың орындалуын бақылау әкімдіктегі бөлімшелердің біріне жүктелген.
Осыдан кейін білім министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне мұғалімдерді қызметінен тыс жұмыстарға тартуға, оқу процесіне кедергі келтіруге болмайтыны туралы хат жолдады. Себебі бұл "Педагог мәртебесі туралы" заңға қайшы келеді.
Оқи отырыңыз: