НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан — Sputnik. Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова балалар мен жасөспірімдер арасында "Кальмар ойыны" атты оңтүстік кореялық сериалдың танымалдылығына қатысты пікір білдірді.
"Бұл қазақстандық өнім емес. Фильмнің белгілі бір шектеуі бар, ол 18 жастан асқан адамдарға арналған. Сондықтан ата-аналар ең алдымен осы тұсқа мән беруі керек", - деді Каринова баспасөз конференциясы кезінде.
Ол ата-ана да, мектеп те балаларға тәрбие беру аясында пайдалы ақпаратты негативтен ажырата белуге дағдыландыруы керек екенін айтты.
"Мектептерде де осы мәселеге назар аудару керек. Бала психикасы енді қалыптасып жатқандықтан, кез келген ақпаратты мектепте мұғалім, үйде ата-ана қадағалуы керек", - деді вице-министр.
Ол барлық білім беру мекемесінде "Жаһандық құзыреттер" курсы таңдау бойынша енгізіліп жатқанын айтты. Курс балалардың бойында сыни ойлау мен эмоциялы интеллектті дамытуға бағытталған.
"Кальмар ойыны" – бұл өмір үшін күресіп, басты сыйлық үшін бәсекеге түсетіндер туралы драмалық сериал. Ол Оңтүстік Корея кинематографына тән қатыгездік пен аяусыз көріністерге толы.
Сеиал Netflix платформасында 17 қыркүйектен бастап көрсетіле бастады да, бір айдың ішінде әлемнің 90 елінде адамдар ең көп көрген фильмдер қатарына енді.