АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Қазақстандағы үздік ауыл әкімі анықталды. Екінші рет өткізілген байқауда Батыс Қазақстан облысындағы Шежін ауыл округінің әкімі Алғадай Жамбыл жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Үздік ауыл әкімі" байқауын "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырды, байқау 15 қазанда аяқталды.
Байқаудың негізгі мақсаты – жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан, сондай-ақ халықпен белсенді ашық жұмыс жүргізетін үздік ауыл әкімдерін анықтау және ынталандыру.
Байқауға қатысуға 14 облыстан 100-ден астам ауыл әкімі өтінім берген. Түркістан облысынан 21 әкім, Батыс Қазақстан облысынан 15 әкім және Жамбыл облысынан 14 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты.
"Үздік атануға ат салысқан үміткерлер арасында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл өңірлік және республикалық деңгейлерде ең көп балл жинап, көзге түсті", - деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері агенттігі.
Алғадай Жамбыл осы ауылда туып-өскен, мамандығы – мұғалім. Қызмет жолын Тасқала ауданында бастаған, 2019 жылы мемлекеттік қызметке ауысқан.
"Конкурстың республикалық кезеңінде ол ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін жүзеге асыру арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобасын қорғады", - деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Екінші орынды Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев және Түркістан облысы Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің әкімі Абдикадир Сикимбаев алды.
Үшінші орынды Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадагулова мен Алматы облысы Панфилов ауданы Айдарлы ауылдық округінің әкімі Айдар Исаев алды.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында ауыл тұрғындары әкімге арықтың суын ішкізді
Сондай-ақ Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тасарал ауылдық округінің әкімі Нуржан Сеитов – "үздік шаруашыл әкім", Ақмола облысы Степногорск қаласы Ақсу кентінің әкімі Марат Смағұлов – "ашық әкім", Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылдық округінің әкімі Қанат Ниетқұлов – "үздік әлеуметтік жоба" номинациясының иегері атанды.
Конкурс жеңімпазы "Үздік ауыл әкімі" статуэткасымен, сондай-ақ әр түрлі номинация иегерлері мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының құрмет грамоталарымен марапатталады.
Айта кетері, 25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл сайлауда республика бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округіне 730 әкім сайланды.