Өңірлер

Тараз маңында тағы жарылыс болды – министрлік түсініктемесі

Жару жұмыстары дүйсенбі мен жұма аралығында күн сайын 13 қарашаға дейін жүргізіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Жамбыл облысының тұрғындары әлеуметтік желіде сағат 11.30 шамасында жарылыс даусын естігенін жазды. Анықталғандай, Байзақ ауданында оқ-дәрі фрагменттерін жару жұмысы басталған.

Бақылап жару жұмыстарын қорғаныс министрлігінің инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күштері жүргізіп жатыр.

"Жұмыс дүйсенбі мен жұма аралығында күн сайын 13 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл үшін адам аяғы баспайтын таулы жерден, әскери бөлім мен елді мекендерден 12 шақырым қашықта жатқан учаске таңдап алынды", - делінген қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бір топ маман жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеген.

Жергілікті атқарушы органдар мен халыққа жару жұмыстары туралы алдын ала хабарланды, деді министрлік.

Жару жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ қоршалған.

"Жару кезінде жарылыс даусы естіледі. Жүргізілетін жұмыс жергілікті халыққа қауіп төндірмейді", - деп сендірді ведомстводағылар.

Облыстық полиция департаменті жару жұмыстарының кестесі сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жоспарланғанын нақтылады.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Тараз түбінде тағы да жарылыс даусы естілгенін жазған еді.

Оқи отырыңыз: