Қоғам

Байзақтағы жарылысқа себепкерлер әлі бұғып отыр

© Sputnik / Тимур БатыршинӘскери бөлімдегі жарылыстан кейін, Тараз қаласы 1
Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін, Тараз қаласы 1 - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.09.2021
Жазылу
Еліміздегі көптеген сарапшы мен саясаттанушы Қазақстан Қарулы Күштеріндегі 30 жыл бойы жинақталған проблеманы отставка шешпейді деген пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек — Sputnik. Саяси салмағы басым ақпараттарды таратумен танымал Телеграмдағы НЕЗЫГАРЬ каналында (330 мың жазылушы) Жамбылдағы жарылысқа байланысты жазба шықты. Онда канал редакторлары бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасына баға беріп, посткеңестік елдер арасында мұндай жағдай болмағанын айтты. Тіпті әлемдік масштабта жарылыс салдарынан министр отставкаға кетті дегенді де естімегенін жеткізген.

Әдетте әскерилер мұндай тірліктің тігісін тез жатқызатын. Ішкі тергеу амалдары аяқталған соң қоймаға тікелей жауаптылар тиісті жазасын алатын. Бірақ Қазақстандағы жағдай басқалай бағыт алдып, Нұрлан Ермекбаев басқа шешімге келді. Қанша дегенмен 17 адамның қаза тапқаны қоғамды сілкінтті, сондықтан экс-министр қоғам тыныштығын басты назарға алып, орнын босатты. Бұл әрекеті арқылы ол өзін қиын-қыстау кезеңде жауапкершіліктен қашпайтынын көрсетті.

Телеграм-каналдың өкілдері Нұрлан Ермекбаевтың бұл әрекетін алысты көздеу деп тұжырымдады. Себебі биліктің сенімін қиын-қыстау кезде аяқасты етпей, толықтай мойнымен көтере алатынын дәлелдеді дейді.

Айта кетейік оқиғаның мән-жайына тергеу-комиссиясы толық бағасын әлі бермеді. Кінәлілер анықталып, жауаптылар өз әркетін уақыты жеткенде түсіндірер. Әзірге болған оқиғаның жауапкершілігін тек қана экс Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз мойнына алып, отставкаға кетті. Бірақ басқа жауаптылар әлі жұмған аузын ашпай, тасада отыр. Тіпті бой көрсетпей, бұғып отыр десек те болады.

Министр обороны Казахстана Нурлан Ермекбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.08.2021
Қоғам
Қорғаныс министрі Ермекбаев отставкаға кетті
Жалпы әлемдік саяси сахнада жарылыс салдарынан ешбір елде министр отставкаға кетпегені жоғарыда айтылды. Чехияда, Украинада мұндай оқиғалар болды, алайда жауап оқиғаға тікелей қатысы бар азаматтардан сұралды. Тіпті мына көрші Ресейде жылда қару-жарақ қоймаларында жарылыс болып жатады. Ол үшін ведомство басшысы орнын босатпайды. Қорғаныс министрі тіпті оқ-дәрілердің сақталуына тікелей жауап та бермейді. Ал бізде бар кінәні бір ғана кісінің мойнына арта салып, оқиғаны жылы жауып қойғысы келетіндер бар.

Рас, 17 азаматтың көз жұмуы жүректі ауыртады. Бұған дейінгі жарылыстарда да біраз азаматтарымыздан айырылып қалдық. Бірақ алдыңғы министрлердің ешқайсысы бұл үшін отставкаға кетпеді, ал Ермекбаев қоғам дүрбелеңін басу үшін өз мансабын елдің болашағы үшін құрбан етті.

Бұл әрине Ермекбаевтың жауапкершілігі жоғары, әрбір әрекетіне жауап беретінін аңғартады. Еліміздің саяси аренасында мұндай ұстанымдылық жоғары бағаланады, бәлкім Ермекбаев сенімді жауынгер, білікті әскери саясаткер екенін осы әрекеті арқылы тағы бір дәлелдеген болар.

Жалпы Қорғаныс министрі лауазымы — саяси қызмет. Ол министрлік пен республика басшылығы, қоғамдық ұйымдар мен өзге елдер арасындағы қарым-қатынасты мемлекеттің ұстанған саясатына сай реттеп отыратын тұлға. Ал әскердің жауынгерлік даярлығына, оқу-жаттығуларына, қажетті қару-жарақпен, әскери техникалармен, тылдың қамтамасыз етілуіне, олардың сақталуына тікелей жауапты Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы Күштер Бас штабының бастығы екені анық. Ендеше Жамбыл оқиғасының жаңғырығы әлі де біразға дейін талай кісінің түн ұйқысын ұрлайтыны сөзсіз.

Белгілі қоғам қайраткері Ермұхамед Ертісбаев оқ-дәрілер қоймаларындағы жарылыс табиғи құбылыс болмаса да, кездейсоқ нәрсе емес, оның әскерде орын алу ықтималдығы жоғары деді.

"Әлемдегі кез келген армия үшін жарылыс кездейсоқтық емес, ол экономикалық деңгейіне де, геосаяси орналасуына да, қандай да бір артықшылық пен кемшілікке де байланысты емес. Неге десеңіз: оқ-дәрілер болсын, жалпы Қарулы Күштердің өзі болсын, олар – парадоксқа ұқсайтынына қарамастан, жоғары қауіптің көзі болып табылады. Қалай айтсақ та, ешбір мемлекеттік органда қорғаныс ведомствосында сияқты сонша көп қауіпті, жойқын қырғынға ұшырататын қару-жарақ, техника мен оқ-дәрі жоқ. Қазақстан армиясының тағы бір ерекшелігі – қару-жарақ пен оқ-дәрілердің басым бөлігі кеңес дәуірінен қалған. Олардың кепілді пайдалану мерзімі баяғыда өтіп кеткен", – дейді қоғам белсендісі.

Еліміздегі көптеген сарапшы мен саясаттанушы Қазақстан Қарулы Күштеріндегі 30 жыл бойы жинақталған проблеманы отставка шешпейді деп пікір білдірді. Ертісбаев мұнымен толық келісетінін жеткізді.

"Армия да біздің жалпы мемлекеттік жүйе сияқты өте "икемсіз", сондықтан жылдар бойы қалыптасқанды түзету үшін Ермекбаев басшылық еткен 3 жыл әрине аз. Еліміздің тарихында қорғаныс саласын армия генералдары да, саяси басқарушылар да басқарған болатын. Олардың әрқайсысының кезінде де оқ-дәрілер қоймаларында жарылыс болып, әскери қызметшілер мен азаматтық тұрғындар қаза тапқан. Ол төтенше жағдайлар бірлі-жарым да болды және сериялы түрде де болды", – деді қоғам белсендісі.

Жаңалықтар
0