Қоғам

Қазақстан ТМД елдерінің білім саласындағы ынтымақтастық кеңесін басқарады

Қазақстанда өтетін VII съездің тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру процесінің жаңа болмысы мен трансформациясына арналады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан –  Sputnik. Қазақстан 2022 жылы ТМД елдерінің білім саласындағы ынтымақтастық кеңесіне төрағалық етеді. Сондай-ақ елімізде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім саласы қызметкерлерінің VII съезі өтеді.

Мұндай шешім биыл Арменияда өткен ТМД елдерінің білім саласындағы ынтымақтастық кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірауыздан қабылданды. Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Тәжікстаннан кеңес мүшелері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері мен басқа да шақырылған тұлғалар қатысты. Қазақстанның атынан Қазақстаннан БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова барды.

"Талқылау барысында кеңеске қатысушы елдер Қазақстан білім және ғылым министрлігінің жоғары және орта білім беру жүйесіндегі жұмысын атап өтті", - деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу, академиялық адалдықты қамтамасыз ету шеңберінде қабылданған заңнамалық нормалар, педагогтердің жалақысын жоғарылату, білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс, сондай-ақ білім беру процесінде цифрлық технологияларды пайдалану үшін заңнамалық нормаларды жетілдіру мәселесі сөз болды.

Оқи отырыңыз: Бір жылда қазақстандық мұғалімдердің жалақысы қанша теңгеге өсті 

"Отырыста күн тәртібіндегі 19 мәселе талқыланды. Қатысушы елдердің білім саласындағы ынтымақтастығы бойынша мемлекетаралық бағдарламалар мен жоспарлары бекітілді, — деді Гүлзат Көбенова. 

Оның айтуынша, енді мемлекеттер білім алушылар және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер арасында өзара тәжірибе алмасу бойынша жұмысты кеңейтіп, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттырады, сонымен бірге білім саласындағы өзара іс-қимылдың мемлекетаралық бағдарламалары жасалады. Сондай-ақ интернет-ресурстарды пайдалана отырып, мемлекетаралық ақпарат алмасу ауқымын кеңейту, білім беру бағдарламаларын ілгерілету бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданды.

Қазақстанда өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім саласы қызметкерлерінің VII съезінің тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру процесінің жаңа болмысы мен трансформациясына арналады.