Қоғам

Қазақстан өлім жазасын алып тастайды: елде қылмыс көбейіп кетпей ме

Өлім жазасы қылмыстың төмендеуіне немесе өсуіне әсер етеді деген пікір жоқ. Бұған түрлі зерттеулер дәлел, дейді прокурордың орынбасары
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Қазақстан өлім жазасын алып тастағаннан кейін елде қылмыс саны өсуі мүмкін екеніне алаңдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әлемдегі жағдай лаңкестіктің шекарасы жоқ екенін көрсетіп отыр. Бұл әлемдік қоғамдастық үшін қазіргі заманғы басты қауіптің бірі. Ауғанстан мен басқа да елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты айтыңызшы, терроризм, жалдамалылық, диверсия үшін өлім жазасын алып тастау арқылы мемлекетіміз бен азаматтарымыздың қорғанысын әлсіретіп жатқан жоқпыз ба?", -деп сұрады депутат Артур Платонов мәжілісте Қылмыстық кодекске өлім жазасы бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, өлім жазасымен террористі тоқтату мүмкін емес.

"Теракт жасауға баратын террорист, ең алдымен, өз өмірін қатерге тігеді. Біз бәріміз мұны білеміз. Сондықтан тек қана өлім жазасымен террористі тоқтата алмаймыз", - деді ол.

Шындалиев Қазақстан лаңкестікпен күрес үшін кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша арнайы бағдарлама қабылданды.

"Оның үстіне, сіз айтқан қылмыстар үшін бізде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар. Бұл да ең ауыр жаза. Өйткені адам бүкіл өмірін темір торда өткізеді", - деді бас прокурордың орынбасары.

Айтуынша, өлім жазасы қылмыстың төмендеуіне немесе, керісінше, өсуіне әсер етеді деген пікір жоқ. Бұған түрлі зерттеулер дәлел.

"Бірақ біздің практикаға көз жүгіртсек, мысалы, біздің Қылмыстық кодексте кісі өлтіргені үшін өлім жазасы болғанда, мұндай қылмыстар екі, ал кейбір жағдайларда үш есе көп болған. Яғни елдегі қылмыстың жай-күйіне өлім жазасының бар-жоғы әсер етпейді", - деді Шындалиев.

Бүгін, 13 қазан мәжіліс Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасына сәйкес, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің он үш бабынан алынып тасталады.

Ал Қылмыстық кодекстің төрт бабында бұл жаза сақталады:

  • басқыншылық соғысты тұтандыру және жүргізу (160-бабы 2-бөлігі);
  • жаппай қырып-жою қаруын қолдану (163-бабы, 2-бөлігі);
  • әскери тұтқындар мен азаматтық тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу (164-бабы, 2-бөлімі.);
  • соғыс уақытында жасалған геноцид (168-бабы, 2-бөлігі).

Оқи отырыңыз: 

Өлім жазасы қандай қылмыстарға қолданылады – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Қазақстанда өлім жазасы алынып тасталды

Конституциялық кеңес өлім жазасын алып тастауға қатысты түсініктеме берді