НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Мәжіліс Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Өлім жазасы Қылмыстық кодекстің төрт бабында ғана қалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама екенін атап өтті. Оны Қазақстан биыл қаңтарда ескертпемен ратификациялаған еді.
Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырды.
"Ұсынып отырған заң жобасы Қылмыстық кодексті хаттама мен оған жасалған ескертпеге сәйкес келтіруге бағытталған. Қылмыстық кодекске келесі түзетулер енгізіледі: өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады; соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстарға өлім жазасын қолдану шегі бекітіледі", - деді Шындалиев мәжілістің жалпы отырысында.
Айтуынша, Қылмыстық кодекстің 4 бабында өлім жазасы сақталады. Атап айтсақ, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты және соғыс кезінде жасалуға тиіс. Олар басқыншылық, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен азаматтық тұтқындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, соғыс уақытында жасалған геноцид.
"Бұл баптар аталған қылмыс салдарының ауырлығын ескеріп, соғыс уақытында көп адамды өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді", - деді бас прокурордың орынбасары.
Оның сөзінше, Қазақстанға өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмыстарды анықтауға адамгершілікке қарсы әрекеттер белгіленген халықаралық актілер бағыт болады.
Атап айтқанда, БҰҰ экономикалық және әлеуметтік кеңесінің резолюциясына сәйкес, өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі көптеген адам өліміне, басқа да өте ауыр зардаптарға әкелетін қасақана қылмыстар шегінен шықпауға тиіс.
Екіншісі, Рим статуты – халықаралық қылмыстық сот жарғысы. Статут барлық халықаралық қоғамды алаңдататын ең аса ауыр қылмыстар деп мыналарды санайды: геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар, агрессия қылмыстар. Әскери қылмыстарға азаматтық тұрғындарға қасақана шабуыл жасау, жаппай тыйым салынған қару-жарақтарды қолдану жатады.
Әскери тұтқындарды ұстау туралы Женева конвенциясы басқа қылмыстармен қатар, әскери тұтқындарды қасақана өлтіру ең аса ауыр қылмыс деп санайды.
"Сондықтан Қазақстан бұл қылмыстарды аса ауыр сипаттағы қылмыстар деп таниды. Жоғарыда айтылғандар негізінде осы қылмыстар үшін өлім жазасын қалдыруды ұсынамыз", - деді Шындалиев.
Сондай-ақ ол Қазақстан биологиялық, химиялық және ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттарын бекіткенін еске салды. Бұл шарттар жаппай қырып-жою қаруына тыйым салады. Сол себепті мемлекет осындай құралдарды қолданғаны үшін өлім жазасын қалдыруды қарастырып отыр.
Мәжіліс Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.