НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қосымша тағы 2 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутаттар министрден жақын арада тағы қандай санаттағы адамдарға вакцина егілетінін сұрады.
"Біз қосымша вакциналау санатына кіретін 2 миллионға жуық адамға екпе егуді жоспарлап отырмыз. Олар 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер және бала емізетін аналар. Біз олар үшін Pfizer вакцинасын қарастырдық, екпе жуырда түседі", - деп жауап берді Цой.
Айтуынша, Pfizer компаниясымен соңғы шартқа қол қойылды. Қазір өңірлерге жеткізу, тоңазытқыш мәселелері пысықталуда.
"Егер әлемде вакцина тағы басқа санаттарда сәтті қолданылса, әрине, біз де бұл контингентті кеңейтеміз", - деді министр.