Фото

Ғажайып ғарыш: әйгілі оқиғалар мен ерекше сәттердің көрінісі – фото

Sputnik

1999 жылдың 6 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы World Space Week құжат түрінде бекітіп, содан бері 4-10 қазан аралығында Ғарыш аптасы мерекеленеді.

Ғарыш аптасын атап өтудегі мақсат – ғарыш ғылымы мен техникасының адамзаттың өсіп-өркендеуі үшін қосып жатқан үлесін ерекше айқындау.

2021 жылғы Ғарыш аптасының тақырыбы – "Ғарыштағы қыз-келіншектер".

Биыл 12 сәуірде адам баласының ғарышқа ұшуына 60 жыл толды. Sputnik суреттер топтамасынан ғарыш саласына қатысты тың кадрларды тамашалай аласыздар.

1 / 15
Осы жылдың 12 сәуірінде әлем адамның ғарышқа ұшуының 60 жылдығын атап өтті. Адамзат дамуындағы жаңа кезең Қазақстан жерінде – "Байқоңыр" ғарыш айлағында басталды. Суретте: 2021 жылдың 5 қазанында "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы "Восток №31" старт кешенінен зымыран тасымалдағышы бар "Союз МС-19" ғарыш кемесінің ғарышқа аттану сәті.
2 / 15
Суретте: Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин. Ғарыштан Жерге оралғаннан кейінгі сәт. Юрий Гагаринның жанында зымыран дивизионының командирі майор А.Гасиев жетекшілік еткен іздеу командасы мен жергілікті тұрғындар тұр.
3 / 15
1963 жылдың 16 маусымында "Восток-6" ғарыш кемесінен әлемдегі тұңғыш ғарышкер-әйел Валентина Терешкова ғарышқа аттанды. Терешкова орбитада 2 тәулік 22 сағат 50 минут болып қайтты. Бұдан кейін ғарышқа әйел тек 19 жылдан кейін ұшты. Ол – Светлана Савицкая болатын. 2000 жылы британдық "Үлкен жетістікке жеткен әйелдердің жыл сайынғы ассамблеясы" Терешковаға "ХХ ғасырдағы ұлы әйелдер" атағын берді. Суретте: ғарышқа аттанар алындағы ұшқыш-ғарышкер Валентина Терешкова.
4 / 15
Адамдар 1957 жылдың 4 қазанында КСРО-да ұшырылған жасанды Жер серігінің көшірмесін тамашалап тұр. Мәскеудегі "Ғылым" павильоны.
5 / 15
Физиолог Ада Котовская екінші жасанды Жер серігімен ғарышқа аттанатын Лайка есімді итті тексеруден өткізіп жатыр. Бұл тарихи ұшу 1957 жылдың 3 қарашасында жүзеге асты.
6 / 15
1969 жылдың 20 шілдесінде НАСА ұсынған бұл суретте ай модулінің ұшқышы, астронавт Базз Олдрин Айдың бетімен жүріп келеді. Осы жылы "Аполлон-11" ғарыш кемесі ашық ғарышқа аттанған болатын. 1969 жылдың 24 шілдесінде "Аполлон-11" Тынық мұхиты аймағына сәтті қонып, Ай бетіне табан тигізген алғашқы адамдар америкалық ғарышкерлерді Жерге аман-есен жеткізді.
7 / 15
"Дискавери" ғарыш кемесінің бортында STS-31 экипажы жасаған суретте 1990 жылдың 25 сәуірінде Хаббл ғарыш телескопын іске қосу сәті көрсетілген.
8 / 15
Осы жылы адамның ғарышқа ұшуына 60 жыл толды. 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин Байқоңырдан аспан кеңістігіне аттанған болатын. Екі жылдан кейін әлемдегі тұңғыш әйел-ғарышкер Валентина Терешкова ғарышқа ұшты. 1991 жылдың күзінде қазақ Тоқтар Әубәкіров те ғарышты игерді. 2021 жылдың 3 қазанында Нұр-Сұлтанда өткен "Ғарышқа апарар жол" көрмесінен түсірілген сурет.
9 / 15
НАСА ұсынған бул суреттер коллажын 1980 жылдың қарашасында Сатурнмен бетпе-бет келген "Вояджер-1" ғарыш кемесі түсірген. Бұл суретте алдыңғы шептегі Диона, Сатурн, артқы жақтан шығып келе жатқан Тетис пен Мимас және Сатурн сақинасы, жақын орналасқан Рея көрініп тұр.
10 / 15
Реактивті қозғалыс зертханасындағы аудиовизуалды қызметтер бөлімінің менеджері Стивен Бриджес "Телевидениедегі Марстың алғашқы анық кескіні" атты суретті түсіру кезінде қолданылған әдісті түсіндіріп тұр, 2004 жылдың 30 қаңтары, Калифорния.
11 / 15
1984 жылдың 12 ақпанында түсірілген бұл суретте астронавт Брюс МакКэндлесс "Челленджер" ғарыш шаттлының жанында азотты реактивті рюкзакты, маневр жасауға арналған басқарылатын құрылғыны қолданып тұр.
12 / 15
НАСА ұсынған 1981 жылдың 14 сәуірдегі суретте миссия командирі Джон Янг пен ұшқыш Роберт Криппен мінген Калифорниядағы Эдвардс әскери-әуе базасының "Колумбия" ғарыш шаттлы бейнеленген.
13 / 15
Марстағы миссия. Mariner 9 – басқа ғаламшардың орбитасына шыққан АҚШ-тың алғашқы ғарыш кемесі, 1971 жыл.
14 / 15
Ұшқыш Майк Мелвилл SpaceShipOne әуе көлігінің үстінде отырып қол бұлғауда. Ғарышқа жеке ракетоплан арқылы ұшу сәтті жүзеге асырылған айтулы оқиға болды, Калифорниядағы Мохаве әуежайы, 2004 жылдың 21 маусымы.
15 / 15
Ғарышкер Алексей Архипович Леоновтың ашық ғарыш кеңістігіне шығу сәті. "В скафандре над планетой" кітабындағы сурет.