Қоғам

Шымкентте оқушы қыз әкесінің сыйлығымен сыныптастары мен мұғалімді улап тастады

Жедел жәрдем қызметкерлері бесеуіне сол жерде көмек көрсетсе, басы айналып тамағы ашыған үш оқушыны ауруханаға жеткізді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik.Шымкентте мектеп оқушылары уланып қалды. Оқиға №55 мектептің дәлізінде болған, деп хабарлады КТК.

9-сыныпта оқитын қыз әкесі сыйлаған газ баллонын сыныптастарына сынап көрмек болыпты.

"Қорғану мақсатында әкесі алып берген газ баллонын үзіліс кезінде шашып көрген. Оқуға кедергі болған жоқ, сабақ өз уақытында өтіп жатыр", - деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрмахамбет Әбдіразақов.

Десе де газдың кесірінен жеті оқушы мен бір мұғалімнің жағдайы күрт нашарлаған. Жедел жәрдем қызметкерлері бесеуіне сол жерде көмек көрсетсе, басы айналып тамағы ашыған үш оқушыны ауруханаға жеткізді. Олар дәрігерлердің тексерісінен кейін үйіне жіберілген.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда 48 оқушы мектепте уланып қалды 

Ал құрбы-құрдастарын газ баллонымен тұншықтырған қыздың ата-анасы мен мектеп басшылығы енді тиісті органдарда түсініктеме жазып жатыр.

"Жақын жерден шашқанда көздің, мұрынның, жоғары тыныс алу жолдарының сілекейі қабынып, асқынуы мүмкін. Бірақ ол адамға өте қауіпті деп айта алмаймын", - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазылов.