ТАЛДЫҚОРҒАН, 1 қазан – Sputnik. Алматы-Бішкек тасжолында төрт көлік соқтығысты. Жол апатынан бір адам қаза тауып, екі жолаушы жарақат алды.
Куәгерлердің бірі жантүршігерлік апат болған жерде түсірілген видеоны жариялап, трагедия Жамбыл облысында Ұзынағаш аудан орталығының маңында болғанын хабарлады.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, оқиға 30 қыркүйек күні таңертең республикалық Алматы-Бішкек тасжолының 44-ші шақырымында болғанын айтты.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік жол апаты болды: бес адам көз жұмды
Алдын ала мәлімет бойынша "Нива-2121" автокөлігінің 47 жастағы жүргізушісі Алматы-Бішкек тасжолымен батысқа қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай, "Фотон" жүк көлігімен соқтығысқаны анықталды. Одан әрі екпінмен шам бағанасын құлатып, жолдың қарсы бетіне шығып, BMW-525 пен Mitsubishi көліктерімен соқтығысқан.
"Нива" көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Жол апатынан BMW көлігінің 22 жастағы жүргізушісі мен 44 жастағы Mitsubishi жолаушысы да зардап шекті. Қажетті сараптамалар тағайындалып, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстық тергеу басталды", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыс полициясының бастығы Серік Күдебаев өңірдегі автожолдарда өлім-жітім көрсеткіші жоғары екендігін хабарлады. Оның айтуынша, 8 айда 268 адам жол апатынан көз жұмған, 2 151 адам түрлі жарақат алған.
Жолдағы өлім-жітім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,8%-ке көбейген.
Статистикаға сүйенсек, жол апаты көбінесе жүргізушілердің жолдың қарсы жолағына шығып кетуі салдарынан болады.