НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы биыл 20 миллиард долларға жетіп, рекордтық көрсеткішке ие болды. Бұл туралы он жетінші өңіраралық форум барысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин айтты.
"Біздің мәлімет бойынша соңғы жеті айда екі жақты тауар айналымы 34%-ке артып, 14 миллиард долларды құрады", - деді Путин.
Оның сөзінше, бұл өңіраралық ынтымақтастықтың жемісі. Бүгінгі күні Ресейдің 85 субъектісінің 75-і Қазақстанның барлық облысымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде 7,5 мың ресейлік және 3,5 мың бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін айтқан болатын.
"Ынтымақтастық жылдары форум аясында 200 келісімшарт жасалды. Сол кезең аралығында тауар айналымы 3,5 есе өсті. Ресейден тартылған тікелей инвестиция соңғы 15 жылда 16 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстанның Ресейге инвестициясы 4,5 миллиард долларға жуықтады. Бұл айтарлықтай маңызды сандар. Біз экономиканың барлық саласында ынтымақтастық орнаттық. Оның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым бар", - деп атап өтті Тоқаев.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Ресей басшылары онлайн форматта мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылап жатыр.
Іс-шара "Экология және "жасыл" даму саласындағы ынтымақтастық" деген тақырыпта ұйымдастырылып отыр. Екі елдің президенттері Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің басым бағыттарын талқылайды.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстан АЭС салу туралы шешім қабылдаса, біз көмектесуге дайынбыз – Путин
- Лукойл "Қаламқас-Теңіз" және "Хазар" бойынша Қазақстанның серіктесі болады – Тоқаев
- Тоқаев Путинге жүк тасымалдаушылар шекарада қандай проблемаға тап болғанын айтты