НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысындағы Ақсай шатқалында құрғақ шөп пен ағаштар жанып жатыр. Өртті сөндіруге тікұшақ тартылды. Жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт туралы хабар 26 қыркүйек 18:20-да түскен. Алматы облысы Қарасай ауданы Ақсай шатқалында "Радуга" саяжай қоғамынан 8 шақырым жерде, биіктігі 2000 метр таулы аймақта қылқан жапырақты орман төсемі мен құрғақ шөп жанып жатыр. Сонымен қатар алдын ала мәлімет бойынша 3 га алаңда ағаштар өртенуде.
"Өрт шыққан жерге дереу Алматы облысы ТЖД мен Ақсай орман шаруашылығының күштері мен құралдары жіберілді. 28 қыркүйек сағат 09.30-дағы жағдай бойынша шатқалда түтін байқалады. Қазавиақұтқару тікұшағы су шашып жүр", - делінген хабарламада.
Өртті сөндіру үшін жақын маңдағы аудандық бөлімшелер мен жергілікті әкімдік қызметкерлерінен қосымша топтар құрылған. Штаб ұйымдастырылды. Аэровизуалды бақылау үшін дрон жіберілді.
Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 7 техникасы мен 25 қызметкері, Ақсай орман шаруашылығының 70 қызметкері мен 15 техникасы, ТЖМ 28237 ә/б 50 әскери қызметкері мен 2 техникасы, Қазавиаорманқорғау 10 қызметкері, сондай-ақ ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағының 1 борты және 4 экипаж адамы жұмылдырылды.
ТЖ департаменті елді мекендерге қауіп жоқ екенін атап өтті. Ең жақын елді мекен – Қырғауылды ауылы 12 шақырым қашықтықта, ал "Радуга" бау-бақша қоғамы 8 шақырым жерде орналасқан.
Оқи отырыңыз: