НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Пандемия басталған кезде балалар коронавируспен көп жағдайда жеңіл немесе асимптоматикалық түрде ауырса, вирустың жаңа штамдары пайда болғаннан кейін індет күшейе бастады. COVID-19 белгілері және оның балаларға қалай әсер ететіні жөнінде педиатр, инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Лəззат Ералиева айтып берді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Педиатрдың айтуынша, әлемде COVID-19 вирусының ауыр түрімен ауыратын балалар жиі тіркеле бастады. Бұл жаңа агрессивті және жұқпалы КВИ штамдарының пайда болуымен байланысты.
"Ковидті тудыратын SARS-CoV-2 вирусы баланың денесіне ауа тамшылары немесе байланыс арқылы (заттар арқылы) енеді. Балалардағы COVID-19-дың алғашқы белгілері ересектер секілді инфекция жұққан соң орта есеппен бір аптадан кейін пайда болады. Иммунитеті әлсіз балаларда инкубациялық кезең 2-3 күнге дейін қысқарады. Бастапқы кезеңде ауру қарапайым суық тигенге ұқсайды: тамақ ауырып, мұрын бітеледі және дене температурасы жоғарылайды", - деп түсіндірді Ләззат Ералиева.
Оның айтуынша, келесі 2-3 күн ішінде жеңіл жөтел, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кеудедегі ауырсыну, ентігу және үлкен дәреттің сұйылуы секілді белгілер қосылады.
КВИ-дің аса ауыр түріне бір жасқа дейінгі балалар және созылмалы патологиялары мен қосымша аурулары бар 15 жастан асқан жасөспірімдер шалдығады.
"Әдетте балалар ауырғаннан кейін 7-11 күнде қалыпқа келе бастайды. Балада COVID-19-ға тән алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден педиатр дәрігерін шақыру керек. Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз: балаға өз бетінше диагноз қоюға, өз бетінше емдеуге және өзге де белгілердің пайда болуын күтуге мүлдем болмайды!", - деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы.
Ол қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтты.
Балаларды вирустан қорғаудың жалғыз әдісі – ересек тұрғындарды вакцинациялау және жұқтырғандармен байланыста болмау.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы табылды – Цой үндеу жасады
- Бүкіл әлемде балалар RSV вирусымен жаппай ауыра бастады – БАҚ
- "Оқушы екпеден кейін көз жұмды": желіде тараған аудиожазба елді дүрліктірді