Экономика

Жаңа жәрдемақыға қатысты заң президентке жолданды

Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға мүгедектік тобын беру нормасы да бар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Сенат азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасы аясында мүгедек адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санатқа кіретін азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру қарастырылған.

Атап айтқанда, I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жаңа жәрдемақы түрін енгізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40, яғни, қазіргі көрсеткішпен 48 мың теңгені құрайды.

Жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі - сенат заң жобасын қабылдады

Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобын беру нормасы да бар. Бұдан бөлек, мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін көтеріледі. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды.

Ал мүгедек бала ата-анасынан айырылса, оған тағы бір жәрдемақы тағайындалады. Осы норма енгізілгеннен кейін 2 мыңнан аса бала мүгедектігі бойынша жәрдемақыға қоса, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады.

Қазақстанда 2022 жылдан бастап қандай жәрдемақының мөлшері өседі

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Сонымен қатар, заң жобасында мүгедектігі бар баланы күту кезеңін 16 жастан 18 жасқа дейін ұзарту көзделген. Ол зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындау кезінде оң әсерін тигізеді.

Заң жобасының тағы бір жаңашылдығы – еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалту.

Сенаторлар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.