Қоғам

"Айына 643 мың теңге алады": сенатор мәслихат басшыларының жалақысын жариялады

Сондай-ақ сенат депутаттары тексеру комиссия мүшелерінің жалақысын көтеру керек деп санайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Сенаторлар жергілікті мәслихат хатшылары мен тексеру комиссияларының мәртебесін ғана емес, жалақысын да көтеруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, бұл мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Бірақ әлі күнге дейін шешілген жоқ.

"Біз өңірлерге іс-сапармен шыққанда жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеру бойынша әлі де шешімін таппаған мәселелердің бар екеніне куә болдық. Атап айтқанда, үкіметтің 2021 жылғы маусымдағы қаулысына орай, жергілікті деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі еседен артық көтерілген. Алайда барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының еңбекақысы сол бұрынғы қалпында қалып қойды. Ондай жағдай 2016 жылы да болған", - деді Бақтиярұлы сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол мәслихат хатшыларының жалақысын да жариялады.

Оның айтуынша, аудандық деңгейдегі мәслихат хатшысы аудандық мәслихат аппарат басшысынан екі есе, ал бөлім басшысынан 50 процентке төмен жалақы алады.

"Мысалы, Қызылорда облысында аудандық деңгейде мәслихат хатшысы 200 мың теңге, ал мәслихаттың аппарат басшысы 453 мың теңге, бөлім басшысы 302 мың теңге алады. Ал облыстық деңгейде мәслихат хатшысы 467 мың теңге, мәслихаттың аппарат басшысы 634 мың теңге, ал бөлім басшысы 400 мың теңге жалақы алады. Мәслихат хатшыларының аппарат қызметкерлерінен төмен жалақы алуы лауазымдық иерархия қағидаларының сақталмауына әкеліп соғуда", - деп атап өтті Бақтиярұлы.

Сондай-ақ сенат депутаттары тексеру комиссия мүшелерінің жалақысын көтеру керек деп санайды.

"Тексеру комиссиялары төрағаларының жалақысы тек 33 процентке, тексеру комиссиясы мүшелерінің жалақысы 17 процентке ғана көбейді. Ал басқа мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі немесе одан көп есеге өсті. Бұл ретте тексеру комиссиясының мүшелері өз өкілеттіліктеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдарының жұмысына баға беріп, тиімділігінің тәуелсіз қорытындысын әзірлейтінін атап өткен жөн", - дейді Бақтиярұлы.

Бұдан бөлек, сенаторлар мәслихаттарға қол жинау және петиция жасау құзіретін беруді ұсынды.

Олар үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, мәслихат хатшылары мен тексеру комиссияларының мәртебесін ғана емес, жалақысын да көтеруді сұрады.

Оқи отырыңыз: