Экономика

Министр мобильді аударымдарға қатысты қандай өзгеріс болатынын айтты

Қазақстанда сегіз айда мобильді және интернет арқылы жүргізілген аударымдар мен төлемдер жалпы сомасы 36 триллион теңгеге жеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін енді бөлек шот ашады. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастығымен және қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, мобильді аударымдарды реттеу туралы заң нормаларын әзірледі. Қазір ол парламенттің қарауында жатыр.

"Оның негізгі мәні мынада: қазір жеке кәсіпкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналысқанда да, жеке аударымдар жасағанда да, ақша бір шотта араласып кетіп жатыр. Бұл салықтық әкімшілендіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан біз заң аясында кәсіпкерлерден кәсібі үшін жеке шот ашуын талап етеміз. Ал жеке аударымдарды өзінің шоты арқылы жүргізе беруіне болады", - деді Жамаубаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл ретте министр қарапайым халықтың аударымдарына ешкім тиіспейтінін айтты.

"Халық тарапынан алаңдаушылық болмауы керек. Себебі азаматтардың қолданып жүрген карта шоттары сақталады, күнделікті өзара ақша аударымдарына ешқандай нұқсан келмейді. Яғни, бүкіл процесс сол күйі қалады. Біз мобильді аударымдарды фискализациялау үшін ғана жаңа өзгерісті біртіндеп енгіземіз", - деді ол.

Жамаубаевтың айтуынша, Қазақстанда сегіз айда мобильді және интернет арқылы жүргізілген аударымдар мен төлемдер жалпы сомасы 36 триллион теңгені құраған.

Оқи отырыңыз: