НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбеков өмірден өтті. Қаралы хабар туралы Қазақстан жазушылар одағы хабарлады.
"79 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков дүниеден озды", -делінген Қазақстан жазушылар одағының Facebook-тегі парақшасында.
Рафаэль Ниязбеков 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазақ радиосының әдебиет редакциясында, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында қызмет атқарған.
Оның әр жылдары көптеген жыр жинақтары, повестері, шығармалар жинағының 9 томдығы жарық көрген. Дінмұхамед Қонаев туралы өлең-роман жазған. Шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған.
Ол Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Ерен еңбегі үшін" және Ресей Жазушылар одағының Сергей Есенин алтын медалінің, Д.Қонаев орденінің иегері. Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры.
"Шешендер" жинағы үшін авторға Шешен Республикасының ең жоғары мемлекеттік "Ұлт намысы" ордені беріліп, мемлекеттік сыйлығы қоса тапсырылған.
"Қазақ руханиятында өшпес із, өлмес мұра қалдырған қаламгердің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады", - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз:
- Ілияс Есенберлиннің кеңес үкіметі кезінде тыйым салынған романы жарық көрді
- "Өзімнен жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім": Тахауи Ахтановтуралы не білеміз
- Аягүл Мантайдың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды