Өңірлер

Ауғанстаннан оралған қандастар қайда орналасады - министрлік жауабы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ауғанстаннан оралған этникалық қазақтардың әлеуметтік портретін жасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ауғанстаннан оралған этникалық қазақтарды орналастыру мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстан

Естеріңізге сала кетейік, 9 қыркүйекте қорғаныс министрлігінің ұшағымен Ауғанстаннан елге 35 этникалық қазақ оралды. Олар қазір Алматыда - карантинде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерболат Абдулхатинның айтуынша, ведомство Ауғанстаннан оралған этникалық қазақтардың әлеуметтік портретін жасады.

"Келген адамдардың оны 18 жасқа дейінгі балалар, 24 адам еңбекке жарамды азамат және біреуі зейнеткер. 35 адамның 29-ы этникалық виза алды, алты адам өздерінің Ауғанстандағы Қазақстан елшілігінде құрылған арнайы комиссия алдында қазақ ұлты екенін дәлелдеді", - деді спикер.

Абдулхатинның айтуынша, министрлік оларды оралмандар мен қоныс аударушаларды қабылдауға квотасы бар өңірлерге орналастыруды қарастырып жатыр.

"Аталған квота аясында оларға әр адам басына 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (204 мың теңге) бір реттік төлем беріледі. Сонымен қатар мүмкіндігінше "Еңбек" бағдарламасы аясында салынған баспанамен қамтуға тырысамыз. Немесе мемлекет үйді жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдерді төлеп береді", - деп атап өтті ол.

"Мен қазақпын!": Ауғанстаннан келген қандастар сұхбат берді – видео

Қазіргі күні аталған азаматтарға "қандас" мәртебесін беру мәселесі де назарға алынған. Осы мәртебе арқылы квотаға қол жеткізе алады. Олар "қандас" мәртебесімен қатар Қазақстан азаматтығын алуға, тұрақты мекенжай квоталарына өтінім бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес  Ауғанстаннан 35 қандастың тарихи отанына оралды.

Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы Кабулдан Алматы қаласының әуежайына 41 жолаушымен ұшып келді, олардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын бір ауған бар.

Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланады.
Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру "Талибан" қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды.

Тоқаев Қазақстан Ауғанстанмен қандай салаларда ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты

Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі қалыпты режимде жұмыс істейді және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста. Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасуда.

Бұған дейін хабарланғандай, 18 тамызда Қазақстан Ауғанстаннан өзінің 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын эвакуациялады. Бұдан басқа, Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы (UNAMA) және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңселері уақытша көшірілді.