Саясат

Тоқаев Қазақстан Ауғанстанмен қандай салаларда ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневАвтомобиль на площади у Акорды
Автомобиль на площади у Акорды - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.09.2021
Жазылу
Президент Ауғанстанның уақытша жаңа үкіметі этникалық топтар мен қоғамдық-саяси күштердің мүддесін құрметтейді деп үміттенеді

НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан үкіметі Ауғанстан үкіметімен конструктивті іскерлік байланыстарды орнатуға дайын. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Солтүстік Македонияның сыртқы істер министрі Буяр Османимен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлады Ақорда.  

Кездесуде мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуалға ерекше назар аударды.

"Ауғанстанға қатысты ұстанымымыз айқын. Халықаралық қоғамдастықтың осындай бетбұрыстар кезінде Ауғанстаннан іргесін аулақ салмай, аталған елге көмек беріп, қолдау көрсетуі қажет деп есептейміз. Біз Ауғанстанның уақытша жаңа үкіметін инклюзивті, барлық этникалық топтар мен қоғамдық-саяси күштердің мүддесін құрметтейді деп үміттенеміз", – деді президент

Сондай-ақ Тоқаев қазіргі Ауғанстан үкіметі адам құқықтарын, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындап, халықаралық қауымдастықты жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін терроризмнің, заңсыз есірткі айналымының таралуынан және басқа да қиындықтардан қорғау үшін нақты шаралар қабылдайтынына үміт артты.

"Сонымен қатар Қазақстан үкіметі Ауғанстан үкіметімен конструктивті іскерлік байланыстарды, әсіресе сауда және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы қатынастарды орнатуға дайын. Өйткені бұл салалар бойынша екі ел арасында дәстүрлі тығыз байланыс бар", – деп мәлімдеді президент.

Оқи отырыңыз: Ауғанстаннан 35 қандас Қазақстанға оралды 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда тұратын қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды екеніне тоқталды. Ол Буяр Османиге Қазақстан азаматтары мен этникалық қазақтарды өз отанына қайтару жөнінде, сондай-ақ әлемдік қауымдастықтың халықаралық ұйымдар қызметкерлерін, оның ішінде БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек беру жөніндегі миссиясын эвакуациялау жұмыстарына көмектесу жөнінде қабылдаған шаралары туралы айтты.

Жаңалықтар
0