Қоғам

Халық санағындағы сұрақтар көптің наразылығын туғызды

"Баспана аумағына" қатысты немесе "тұрғын үйдің қабырғасы неден жасалғаны" секілді сауалдар орынды дейді мамандар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Ұлттық халық санағындағы "Қанша перзентіңіз дүниеге тірі келді?", "Тұрып жатқан баспанаңыздың аумағы қанша?" деген сауалдардың қандай мақсатта қойылғанын түсінбей жатқандар көп, деп хабарлады Almaty.tv.

1 қыркүйекте басталған ұлттық санақ жаңа форматта өтіп жатыр. Бұған дейін сұхбатшылар тұрғындармен тікелей жүздесу арқылы 45-ке жуық сауал қойса, биыл онлайн түрде тіркелуге болады. Онда барлығы 91 сұрақ бар. Соның 61-іне жауап беру міндетті, ал 29-ы нақтылауға арналған екен. Алайда арасында демография мен әлеуметтік жағдайға қатысты кейбір сауалдарды түсінбей жатқандар көп.

"Халық арасында көп наразылық туындатып жатқан сұрақтың бірі – дүниеге қанша тірі бала алып келдіңіз деген сұрақ. Әрине кез келген анаға қиын сұрақ болуы мүмкін. Бірақ бұл сұрақтың нәтижесі бізге кішкентай балалардың өлімі, туу көрсеткіші, сонымен қатар әйелдердің туу репродуктивті жасы бойынша мәліметтерді алуға мүмкіндік береді, оны ешбір органнан ала алмайсың", – деді қалалық статистика департаментінің бөлім басшысы Шырын Тіленшиева.

Осы ретте қалалық статистика департаментінің қызметкерлері биыл халық санағы Қазақстанмен қатар әлемнің 61 елінде өтіп жатқанын айтады. Сәйкесінше сауалдар халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік басқармалардың қатысуымен құралыпты. Осы ретте азаматтарға қойылған "баспана аумағына" қатысты немесе "тұрғын үйдің қабырғасы неден жасалғаны" секілді сауалдар орынды дейді мамандар.    

"Қандай үйлерді алуға олардың мүмкіндіктері бар? Жалпы қандай үйлерде біздің халық көбінесе шоғырланады? Соның нәтижелерін білу үшін бұл сұрақтар қажет. Сонымен қатар ұлттық санақтың нәтижесінде біз тек қана халықтың санын емес, жалпы халықтың әлеуметтік көңіл-күйін, сипатын білеміз", – деп түсіндірді Тіленшиева.

Оқи отырыңыз: Халық санағынан онлайн өту үшін не істеу керек – видео нұсқаулық 

Ұлттық статистика бюросының бүгінгі мәліметінше, ел бойынша 2 миллион 41 мың 876 азамат санақтан өткен. Соның ішінде Алматы облысы көш бастап келеді. Ал Алматы қаласы екінші орынды иеленіп отыр. Егер мегаполис тұрғындарының толық саны анықталса, қала құрылысын жүзеге асыруға және мектеп тапшылығын жоюға мүмкіндік тумақ.  

"Биылғы оқу жылының алғашқы күнінде 1 "Ы" сыныптары пайда болғанын бәріміз жақсы білеміз. Алдағы уақытта дәл осындай жағдайлардың алдын алу үшін санақты өткізу маңызды. Бұл халықты жаңадан есептеп, кемшіл тұстарымызды толықтыруға, алдын ала жоспар құруға мүмкіндік береді", – деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.

Онлайн сауалнамадан кейін мамандар тағы 1 ай бойы санақты жалғастырады. Алайда қорытынды тек 2023 жылы шығып, 10-ға жуық баяндама мен 368-ден аса кесте әзірленеді.  

Жалпы онлайн ұлттық санақ 15 қазанда аяқталады. Ал осы уақытқа дейін сауалнамадан өтіп үлгермеген адамдар болса, 1 қазаннан бастап арнайы сұхбатшылар үй-үйді аралаған уақытта жеке анкетаны маманмен бірге толтыра алады. Осы ретте сарапшы мамандар еліміздегі ұлттық санақ аяқталып, нәтижие жарияланған соң, халықтың өткен 10 жыл ішіндегі демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістер айқындалатынын айтады. Бұл халықтың білімі, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша маңызды шешімдерді қабылдауда тиімді бастама болмақ.