НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Көкшетауда полицейлер хабар-ошарсыз кеткен мүмкіндігі шектеулі ер адамның тұрған жерін анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
3 қыркүйек Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 53 жастағы тұрғынынан өтініш түсті. Әйел сол күні оның 43 жастағы мүгедектігі бар бауыры белгісіз бағытта үйден кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Өтініш беруші туысы қалада өздігінен жүре алмайтындығын және ол жолдың шуынан қорқуы мүмкін екенін түсіндірді.
Алдын ала анықталғандай, жоғалған ер адамды облыстық туберкулезге қарсы диспансер маңында көрген, полиция қызметкерлері кейін өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі ер адамды қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығына апарғанын, бірақ ол ғимаратқа кірмегенін анықтаған. Одан әрі жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жоғалып кеткен адамды қала көшелерінің бірінен тауып, оны үйіне жеткізді.