Әлем

Лавров: Ресей Батыспен ынтымақтастыққа дайын

Дүйсенбіде АҚШ Ауғанстандағы 20 жылға созылған миссиясы мен ауған жерінен өз әскерін шығаруды аяқтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Ресей конфронтацияға да, оқшаулануға да ұмтылмайды және Батыспен ынтымақтастық орнатуға дайын. Бұл туралы РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді, деп жазды РИА Новости.

"Біз ешқашан конфронтацияға, оқшаулануға ұмтылған емеспіз. Егер Батыс Ресейді үнемі үйретуін доғаратын болса, біз батыс елдерімен де өзара әрекеттестік орнатуға ашықпыз. Себебі ешбір мемлекетке өктемдік танытуға болмайды", - деді ол РФ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында сөйлеген сөзінде.

Лавров: біз тәлібтердің іс-әрекетінен "үміттендіретін белгілерді" көріп отырмыз

Сергей Лавров Батыс Ресеймен тең дәрежеде сөйлесуді қаламайтынын, ал бұл тұйыққа тірейтін жол екенін атап өтті.

"Халықаралық деңгейде біздің батыстық әріптестеріміз бізбен тең дәрежеде сөйлесуді қаламайды және барлық уақытта сөзіміз бен әрекетімізді өздері қалағандай түзеуді талап етеді. Бұл тұйыққа тірейтін жол болады", - деді ол институтта оқу жылының ашылу салтанатында сөйлеген кезде.

Ол Ресей екі тараптың мүддесі мен қызығушылығына негізделген ашық, конструктивті, өзара сыйластығы бар диалогқа дайын екенін айтты.

Сонымен қатар ресейлік министрі АҚШ президенті Джо Байденнің басқа елдердің ісіне араласуды доғару туралы пікіріне оң көзқарас танытты.

"АҚШ президенті Джо Байден мен Франция президенті Эммануэль Макрон араға бір-екі күн салып, басқа елдердің ішкі мәселесіне араласуды доғаратын уақыт жеткені туралы мәлімдеме жасады", - деді Лавров студенттермен кездесу барысында.

Ауғанстанда ұшаққа жармасып елден кетпек болған адамдар биіктіктен құлап кетті – видео

Ол Ресей мұндай ұстанымды қолдайтынын және батыстағы әріптестердің соңғы онжылдықта болған оқиғалардан сабақ алатын уақыты жеткенін айтты.

"Егер бұл мәлімдемелер ой түю арқылы, сабақ алу арқылы жасалған болса, онда болашақта біздің ғаламшардағы өмір сәл де болса қауіпсіз болады", - деді Лавров.

Дүйсенбіде АҚШ Ауғанстандағы 20 жылға созылған миссиясы мен ауған жерінен өз әскерін шығаруды аяқтады. Сейсенбіде Джо Байден халыққа арнаған үндеуінде АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуі қарулы күш арқылы басқа елдерде қайта құруды жүзеге асыру дәуірін тәмамдайтынын жеткізді.