Әлем

Ауғанстанда ұшаққа жармасып елден кетпек болған адамдар биіктіктен құлап кетті – видео

© AFP 2024 / -Люди в аэропорту Кабула
Люди в аэропорту Кабула - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2021
Жазылу
Кабул әуежайында ұшаққа жармасқан адамдардың биіктіктен құлағаны түсірілген видео әлемдік БАҚ беттерінде жарияланып жатыр

АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Кабул әуежайынан шыққан ұшаққа жармасқан адамдардың биіктіктен құлаған сәті түсірілген видеолар жарияланды. Оны оқиға куәгерлері жариялады.

​Жергілікті БАҚ та екі адамның құлаған жерінен фото жариялады. Қаза тапқандар Ауғанстан астанасынан кетпек болып, әуежайдан шыққан ұшақтың бір жерінен ұстап көтерілген деген нұсқа айтылды, деп хабарлады РИА Новости.

Әлеуметтік желіде Кабул әуежайында түсірілген басқа да фото, видеолар жарияланды. Ол жерде бірнеше сағаттан бері келеңсіз жағдайлар болып жатыр. Адамдар дүрбелеңге салынып, ұшып бара жатқан шетелдік ұшақтар мен тікұшақтарға мінуге тырысып жатыр. Ауғандар үшін бұл Талибан* басып алған қала мен елден кетудің жалғыз жолы.

Жаңа биліктен қорқатын жергілікті тұрғындар әуежайдың ұшу-қону айлағына топ болып жиналды. Бұған дейін Кабулдағы азаматтық рейстер тоқтатылып, әртүрлі елдің дипломатиялық қызметкерлері эвакуацияланатыны белгілі болды. Эвакуация әскери ұшақ арқылы жүргізіледі.

​Алдын ала мәлімет бойынша мыңдаған ауған жиналған әуежайда үш адам қаза болды. Кей дерек бойынша олар АҚШ әскерилері ескерту оғын атқан соң қайтыс болды. Олар бір топ адам әуежайдың ұшу-қону жолағына шыққан кезде ескерту оғын атқан.

Ауғанстанда не болып жатыр

РИА Новости ақпаратына сәйкес, ауған телеарналары Құран оқу немесе Талибан* қозғалысының әрекеті туралы жаңалық таратуға көшті. Бұған дейін бекітілген телебағдарлама тоқтатылды. Тек бір арнада ғана деректі тарихи фильм көрсетіліп жатыр. Ал мұның алдында бұл уақытта ауған арналарында әртүрлі ойын-сауық бағдарламалары көрсетілген.

Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Талибан* қозғалысының өкілдері бейбіт тұрғындарды қарусыздандырды. Олардың пікірінше, адамдарға жеке қорғаныс үшін енді қару қажет емес.

"Біз адамдардың өз қауіпсіздігі үшін қару ұстағанын түсінеміз. Енді олар өздерін қауіпсіз сезінсе болады. Біз кінәсіз азаматтарға зиян келтіру үшін келген жоқпыз", - деп келтірді Талибан* өкілінің сөзін агенттік.

Бірнеше апта бұрын Ауғанстаннан америкалықтардың шығуына байланысты республикадағы жағдай күрт нашарлады. Тәлібтер ірі қалаларға шабуыл жасай бастады. Жексенбі, 15 тамызда бүлікшілердің барлық шекараны басып алғаны белгілі болды. Сол күні содырлар президент сарайына кіргенін айтты.

Мемлекет басшысы Ашраф Ғани қашып кетті, оның қайда екені белгісіз. Ресей Федерациясының Ауғанстандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Никита Ищенконың айтуынша, Ғани көлік пен тікұшақты ақшаға толтырып, елден кеткен.

16 тамызға қараған түні Талибан* саяси кеңсесінің өкілі Мұхаммед Наим 20 жылға созылған соғыс аяқталғанын және жақын арада басқарудың жаңа формасы нақтыланатынын айтты.

Жағдайды Қазақстан қалай қабылдады

Қазақстан СІМ мәліметінше, Ауғанстанда елшіліктің бірнеше қызметкерінен басқа Қазақстан азаматы жоқ. Бұған дейін елші Кабулда жұмысын жалғастырып жатқаны хабарланды. Қызметкерлердің бір бөлігі Ауғанстаннан шығарылды.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Ауғанстан босқындарына қатысты шешім қабылдамағанын айтты.

"Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетіледі", - деп жазды Уәли.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша екі кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы Талибан* экстремистік қозғалысының билікке келуі Қазақстанға қаншалықты қауіп төндіруі мүмкін екенін талқылау үшін әскери және құқық қорғау ведомстволарының басшыларын шақырды.

Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға жедел ден қою шаралары және ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Президент ведомстволарға Ауғанстандағы ахуалды жан-жақты бақылауды жалғастыруды тапсырды, бұл осы елмен ынтымақтастыққа қатысты шешімдер қабылдау үшін аса маңызды.

Талибан* - Ауғанстандағы билікті басып алған діни экстремистік ұйым. Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде қызметіне тыйым салынған.

Жаңалықтар
0