НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. Коронавирустың "дельта" штамын жұқтыру және сырқат ағымының ауыр өтуінен кейін балаларда да асқынулар болады, деп жазды РИА Новости.
"Вирустың жаңа штамын балалар ауыр көтеруде. Былтырғымен салыстырғанда сырқат ағымы ауыр өтіп жатқан жағдайлар көп. Әсіресе балалардың қосымша патологиясы бар болса қиын", - деді дәрігер-инфекционист Андрей Поздняков.
Коронавирус жұқтыру кезінде балаларда өкпенің қабынуы жиі тіркеліп отыр.
"Сырқаттан кейін көп жағдайда мультижүйелік қабыну синдромы пайда болады, ол сырқат ағымы жеңіл өтсе де болуы мүмкін. Мұндай жағдай госпитализацияны және емдеуді қажет етеді. Осылайша, балалар мен ересектер арасындағы сырқат ағымы ұқсас болып барады", - дейді ол.
Инфекционистің айтуынша, соңғы жылдары артық салмақ, глюкоза алмасудағы бұзылыстар, тіпті диабет сияқты патологиясы бар балалар саны артып келеді. Мұндай патологиясы барларда сырқат ағымының ауыр өту ықтималдығы жоғары.
Бұған дейін Браун университетінің ғалымдары үш айдан үш жасқа дейінгі балаларды зерттеп, карантиндік шаралар балалардың ақыл-ойының жетілуіне кері әсерін тигізіп жатыр деген шешімге келген. Зерттеу нәтижесінде пандемия кезінде туған нәрестелердің интеллект коэфиценті төмендегені байқалған.
Оқи отырыңыз: Желіде балаларға вакцина жасырын салынатыны туралы ақпарат тарады