НҰР-СҰЛТАН, 31 тамыз – Sputnik. Талдықорғанда үш оқушы қыз көңіл көтеру үшін балалар алаңындағы демалуға арналған нысанды құлатып тастады. Қыздардың бұл әрекеті желіде жарияланып, азаматтардың ашуын келтірді.
Мәлім болғандай, видео 29 тамыз күні "Шығыс" шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласында түсірілген.
Селфи жасаған үш қыз орындықтары бар темір нысанды шайқалтып, құлатып кетіп қалды. Желі қолданушылары қыздардың әрекетін сынға алды. Құқық қорғау органдарынан бұл әрекеті үшін қыздарды жауапқа тартуды да сұрағандар болды.
"Айтарға сөз жоқ. Тәрбиесіздер", "Қирандылар жанында өмір сүріп үйренгендер, сұлулық олардың көзін қуантпайды" деген сынды комментарийлер жазылды.
Полициядағылар қыздардың жеке басын анықтады. Үшеуі де сол шағын ауданның тұрғындары болып шықты.
"17,14 және 15 жастағы бойжеткендер осы ауданда тұрады. Ювеналды полиция қызметкерлері қажетті құжаттарды жинады, шара қолдану үшін құжат кәмелетке толмағандар ісі бойынша комиссияға жолданады", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомстводағылар қыздардың профилактикалық есепке алынғанын атап өтті. 17 жастағы бойжеткеге қатысты Әкімшілік кодекстің 434 бабы (бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Оқи отырыңыз: Бөтелкемен ұрған: Талдықорғанда ер адамның әрекеті жұртты шошытты