Оқиға

Оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс: қаза болғандардың саны бес адамға жетті

Әскери қызметші өрт сөндіру кезінде, жарылыстан кейін оқиға орнында көз жұмды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан тағы бір әскери қызметші көз жұмғанын хабарлады.

Жарылыстан тағы бір әскери қызметші – өрт сөндіру командасының бастығы, келісімшарт қызметінің старшинасы 1992 жылғы Еркін Нәдірбеков қаза тапты.

"Ол инженерлік оқ-дәрі қоймасындағы өртті сөндіру жұмысын басқарған. Жарылыстан кейін оқиға орнында қаза болды. 27 тамыз күні жоғалғандар қатарына енген әскери қызметшілер арасында болған", - деп мәлімдеді ведомство.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Министрлік оның отбасына қажетті көмек көрсетуге уәде етті.

Тағы оқыңыз: Әскери бөлімдегі жарылыс: министрлік қаза болғандардың аты-жөнін жариялады

Бұған дейін Тараз маңындағы жарылыстан төрт әскери қызметшінің көз жұмғаны хабарланған болатын.