НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Әскери қоймадағы өрттің қарқыны төмендеді. Бұл туралы қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшу аппараттары кешенімен жабдықталған бақылау бекетінен өрт пен жарылыс болған инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы ахуалды бағалады. Өрт қарқынының төмендегені анықталды", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев емдеу мекемелеріне барып, зардап шеккен адамдардың жағдайын көріп қайтты.
Қазіргі уақытта ауруханаға 28 адам жатыр. Олардың барлығы дерлік әскери бөлімнің қызметшілері. Медициналық көмек көрсету шараларына Тараз гарнизонының әскери госпиталі де тартылып отыр.
Министрлер эвакуацияланған тұрғындарды қалай орналастырғанын да көрді. Халықты керек-жарақпен қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Тараз горнизонында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен әскери қызметшілерге, азаматтық персоналға және олардың отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету және оңалту тобы құрылды.
Сондай-ақ қорғаныс министрлігінде және "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығында байланыс орталықтарының жұмысы басталды.
Оқи отырыңыз: Әскери бөлімдегі жарылыс: министрлік қаза болғандардың аты-жөнін жариялады