Қоғам

Жоғары оқу орындарына құжат тапсыру мерзімі ұзартылды

Құжат қабылдау уақытының ұзартылуына талапкерлерден келіп түскен өтініш себеп болды, деп атап өтті вице-министр Қуаныш Ерғалиев
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 тамыз – Sputnik. Жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау мерзімі 28 тамызға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, құжат қабылдау уақытының ұзартылуына талапкерлерден келіп түскен өтініш себеп болды.

"Талапкерлеріміз үшін бұл жақсы жаңалық деп санаймын. Құжат қабылдау мерзімдерін ұзарту бойынша келіп түскен өтініштер саны ескерілді. Білім беру гранттарының иегерлеріне де, ақылы негізде оқуды жоспарлап отырғандарға да мүмкіндік берілді", - деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.

Ал мұның алдында ЖОО-ға қабылдау үшін құжаттарды 25 тамызға дейін тапсыру қажет еді.

Білім гранты иегерлерінің өтінімдері eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы қабылданады.

Ақылы негізде оқу үшін жоғары оқу орындарының виртуалдық қабылдау комиссияларына жүгіну қажет. Олардың тізімі білім және ғылым министрлігі ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған.

14 тамызда грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың жалпы саны 5000-ға артып отыр. Осылайша биыл бакалавриатқа 56 мың грант бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілген.