НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі білім гранты иегерлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Толық тізімді төмендегі құжаттан көруге болады.
Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың жалпы саны 5000-ға артып отыр. Осылайша биыл бакалавриатқа 56 мың грант бөлінді.
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық.
Биыл гранттың басым бөлігі - 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлініп отыр. Бұдан бөлек, педагогикалық ғылымдарға – 9 573 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 7 487 грант, жаратылыстану ғылымдарына – 4 088 грант, ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 1 895 грант, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2700 грант, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 615 грант, бизнес, басқару және құқық – 1 223 грант, ал әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына - 960 грант.
Биыл алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квота бөлінді. Сондай-ақ "Мәңгілік ел жастары – индустрияға" ("Серпін") бағдарламасы шеңберінде де гранттар қарастырылған.
Айта кетері, биыл ҰБТ-ға 145 588 оқушы қатысты. Олардың ішінде шекті ұпайды 88 101 бала (60,5 процент) жинады. Артынан тексерістің нәтижесінде 19 талапкердің нәтижесі жойылды. Биыл 140 ұпайды Павлодар облысының бір түлегі ғана жинады.