НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысында шекарашылар контрабандалық жүкті шекарадан өткізбек болған ер адамды ұстады.
Оқиға 21 тамыз "Қарасу" автомобиль өткізу пунктінде болды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Шекарашылар "Mercedes-Benz" көлігінің салонын тексеру барысында орындық астынан полиэтилен пакеттерге оралған күміс бұйымдарды тапты.
Брикеттердің жалпы салмағы – 50 келі 516 грамм. Алдын ала бағалау бойынша бұйымдардың құны 16 миллион теңгені құрайды.
Бұл факті сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне тіркелді. Ұсталған азамат пен контрабандалық жүк Жамбыл облысының экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.