Әлем

Тоқаев Сеулде Абай мүсінінің ашылуына қатысты – фото

Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған. Бюст Сеулдегі Кибер университетінің аумағында ашылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 17 тамыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Абай Құнанбайұлына қойылған бюсттің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорда.

Бюст Сеулдегі Кибер университетінің аумағында ашылды. Тоқаев мұның Қазақстан мен Корея Республикасының достығын нығайта түсетінін атап өтті.

"Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі", - деді Қазақстан президенті.

Бюсттің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған.

Тоқаев Сеулде Абай мүсінінің ашылуына қатысты – фото

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бюсттің Корея астанасындағы университет аумағына орнатылуының маңызды екеніне тоқталды.

"Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының "Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ" деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың Корея басшысымен өткізген келіссөз нәтижесі жарияланды

Ол сондай-ақ Абай шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылғанын, оның ішінде корей тілінде "Алтын шаңырақта шырқалған ән" атты кітабының жарық көргенін атап өтті.

2010 жыл Қазақстанның Кореядағы жылы деп жарияланса, 2011 жылы Кореяның Қазақстандағы жылы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралар арқылы барлық бағыттағы байланыстардың арта түскеніне тоқталды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Корея бизнесмендерін Қазақстанда 5G технологиясын дамытуға шақырды

"Әсіресе мәдени-рухани саладағы ынтымағымызды нығайттық. Осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын табады. Қазақстанның жетекші оқу орнында корей тілі оқытылып келеді. Кореялық студенттер де қазақ тілін оқып жүргенін жақсы білемін. Бұл әрине, көңіл қуантарлық ерекше жағдай. Көптеген қазақ жастары корей университеттерінде білім алып жатыр", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатынын айтты. Бұл өзара байланысты келешекте де достық рухта дамыта түсуге жол ашады.