Білім

Білім гранты иегерлері оқу орнына қашан құжат тапсыруы керек

Виртуалды қабылдау комиссияның байланыс нөмірі, оқу орнының сайты туралы ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында көрсетілген
Sputnik

АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Мемлекеттік білім гранты иегерлері жоғары оқу орындарына қабылдануы үшін құжатын 25 тамызға дейін тапсыруға тиіс, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Оған е.Gov.kz "электрондық үкімет" порталы арқылы өтінім бере алады. Қызмет түрі 17 тамыздан бастап қолжетімді. Осылайша, грант иелерінің құжаттары 17-25 тамыз аралығында қабылданады.

Ал жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылдану үшін ЖОО-лардың виртуалды қабылдау комиссияларына жүгінеді. Виртуалды қабылдау комиссияның байланыс нөмірі, оқу орнының сайты туралы ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында көрсетілген.

14 тамызда білім грант иегерлерінің тізімі жарияланды.

Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың жалпы саны 5000-ға артып отыр. Осылайша биыл бакалавриатқа 56 мың грант бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілген.

Биыл гранттың басым бөлігі – 17 028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлініп отыр. Бұдан бөлек, педагогикалық ғылымдарға – 9 573 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 7 487 грант,  жаратылыстану ғылымдарына – 4 088 грант, ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 1 895 грант, денсаулық сақтау саласындағы мамандықтарға – 2 700 грант, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 615 грант, бизнес, басқару және құқық – 1 223 грант, ал әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат мамандықтарына 960 грант бөлінді.