Әлем

Ауғанстандағы жағдай әлемді есеңгіретіп тастады – ресейлік БАҚ

Елдегі биліктің түптің-түбінде бәрібір "Талибанның" қолына өтетініне ешкім күмәнданбаса да, АҚШ президентінің шешімі ол жағдайды екі айға дейін кейінге ысыратыны туралы түрлі болжам жасалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Сенбінің кешінде сарапшылар Ауғанстан аумағына кері қайтарылған америкалық бес мың сарбаз тәлібтердің жеңіс шеруіне қаншалықты кедергі бола алатынын талқылап жатты. АҚШ президенті Джо Байден бұйрыққа қол қойып, бұл ауған жеріндегі қысқартылған дипломатиялық миссияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтты.

Қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты шара қабылдады
Елдегі биліктің түптің-түбінде бәрібір "Талибан"* қозғалысының бақылауында болатынына ешкім күмәнданбаса да, АҚШ президентінің шешімі ол жағдайды қаншалықты кейінгі ысыра тұратыны туралы түрлі болжам жасалды. Көбі бірнеше аптадан екі айға жуық мерзімді атады.

Жексенбінің таңына қарай бұл сарапшылық болжамдардың барлығы түкке тұрғысыз екені белгілі болды. Себебі Батыстың "Талибанмен"* күресуге және Ауғанстанды батыстандыруға жұмсаған жиырма жылдық күш-жігерінің бір күннің, санаулы сағаттың ішінде күл-талқаны шықты, деп жазды РИА Новости.    

Ауғанстандағы жағдайдың ақыры осындай болатыны анық болғанымен, кешегі оқиғалардың ауқымы мен жылдамдығы көптің бойында үрей мен қорқыныш тудырды. Оның қорқынышты болғаны соншалық, ауған жеріне кіргендегі бастапқы миссияны орындамаған АҚШ-қа қатысты сын да айтылмады.  

Өйткені америкалықтардың орнына ауған жеріне кім келгенін барлығы жақсы түсінді. Тәлібтердің бұрынғы билікке қызмет еткендерге қатысты репрессия қолданбау және қоғамдағы әйел орнына байланысты ұстанымды біршама жеңілдету бойынша уәделеріне қарамастан, Ауғанстанды алда жаза мен кек күтіп тұрғаны айқын. Ал ауған әйелдерінің басына түскен күй тіпті жүректі ауыртады.

Архаика заманауи өркениетті жеңді. Батысқа қатысты көзқарас қандай болса да, бұл фактіге қуану мүмкін емес. Мұнда мәселе ауған жеріндегі бүгінгі күрделі жағдай мен орта ғасырға қайта оралған елдің азаматтарына жанашырлық танытуда ғана емес.

Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді
Жексенбі күнгі оқиғалар АҚШ-тың жаһандық гегемониясының құлдырауы қандай болуы мүмкін екенін көрсетті. Отыз жыл бұрын КСРО тарады. Сол шақтан бері ол оқиғалардың қаншалықты жылдам болғаны әлі күнге дейін талқылануда. Күні кеше ғана әлемнің жарты бөлігіне жуық аумақта өз билігін жүргізген алып держава бас-аяғы бірнеше айдың ішінде жаңа мемлекеттік құрылымдарға айналды.

Мұндай жағдайдың қалыптасуына не себеп болғанын анықтауға қаншалықты тырысқанмен, ақиқат біреу: мызғымастай көрінген жүйе көз ілеспес жылдамдықпен құлдырайды да, бұл ең алдымен қарапайым халықты есеңгіретіп тастайды.

Ауғанстанда болып жатқан бүгінгі оқиғалар АҚШ-тың әлем державасы ретінде өз билігі мен ықпалынан айырылуы да осы секілді өте жылдам болуы мүмкін екенін көрсетті. Соңғы онжылдықта Ауғанстан соғыстан көз ашпаған, адам айтса сенгісіз қағидаларға бағынған түсініксіз елге айналды. Ауғандардың басына түскен жағдайға жанашырлық танытқанмен, бәрі бірдей оның толықтай байыбына бара бермеді. Сондықтан кешегі оқиғалардан кейін көп адам ауғандардың жай-күйін өне бойымен сезінгендей болды. Олардың елінде "Талибан"* жоқ, бірақ АҚШ маңызды рөлге ие. Біреулер үшін Америка жетекші сауда серіктесі болса, басқаларға – геосаяси әріптес, үшінші тарапқа – оккупациялық күш, төртіншіге – ұлттық экономика тікелей тәуелді болып отырған әлемнің бас валютасының эмитенті.

Шымкентке Ауғанстаннан 500 босқын келгені жайлы ақпарат тарады – министрлік не дейді
Сондықтан бұл адамдарды АҚШ-тың ықпалы тура кешегідей әп-сәтте ғайып болса не болады деген ой үрейлендірді. Көп адам мұндай ауқымдағы геосаяси апат саяси, әлеуметтік-экономикалық және әскери дағдарыс тудырып, ол әлемнің төрт бұрышына тарайтынын түсінді.

Ал Кеңес Одағының ыдырауын бастан өткізген Ресей халқы әлемді 30 жыл бұрынғы құлдыраудан да ауқымды катаклизм қауіп төндіріп тұрғанын аңғарды. Бірақ адам баласы жаһандық сын-қатерге жалғыз төтеп бере алмағанымен, дербес тіршілік етуге мүмкіндігі бар елдер мұндай сын-қатерге қарсы тұра алуы бек мүмкін.

*Қазақстан Республикасында, Ресей Федерациясында тыйым салынған террористік ұйым