Қоғам

Қорғаныс министрлігі Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты шара қабылдады

© Photo : Пресс-служба министерства обороны КазахстанаКазахстанские военные на учениях
Казахстанские военные на учениях - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.08.2021
Жазылу
Қорғаныс министрлігінің басшысы туындайтын сын-қатерді ұдайы бағалап отыру қажет екенін атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанның қарулы күштерінде қырағылықты күшейту шаралары қабылданды. Бұл туралы қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде белгілі болды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ең алдымен бұл арнайы операциялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиациясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр.

Қорғаныс министрі өңірдегі жағдайды қадағалау және талдау, күштер мен құралдардың тәуліктік кезекшілігін ұйымдастыру бойынша міндеттер қойды. Жоғары қырағылықты қамтамасыз ету мақсатында әскери қызметшілердің кезекшілік атқаруы бойынша жүктемені бірдей бөлу қажеттілігі аталып өтті.

"Туындайтын сын-қатерді ұдайы бағалап, қазіргі уақытта біз үшін анағұрлым маңызды және негізгі күш-жігерді қайда бағыттау керек екенін айқындау қажет", – деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.

Сондай-ақ алдағы аптада взводтардың жауынгерлік оқ атуы, әскери міндеттілермен жиындар, батальондармен бақылау сабақтары жоспарланып отырған әскерлердегі жауынгерлік оқу-жаттығу барысы туралы баяндалды.  

Ауғанстанда не болып жатыр

Бірнеше апта бұрын Ауғанстаннан америкалықтардың шығуына байланысты республикадағы жағдай күрт нашарлады. Тәлібтер ірі қалаларға шабуыл жасай бастады. Жексенбі, 15 тамызда бүлікшілердің барлық шекараны басып алғаны белгілі болды. Сол күні содырлар президент сарайына кіргенін айтты.

Мемлекет басшысы Ашраф Ғани қашып кетті, оның қайда екені белгісіз. Ресей Федерациясының Ауғанстандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Никита Ищенконың айтуынша, Ғани көлік пен тікұшақты ақшаға толтырып, елден кеткен.

16 тамызға қараған түні Талибан* саяси кеңсесінің өкілі Мұхаммед Наим 20 жылға созылған соғыс аяқталғанын және жақын арада басқарудың жаңа формасы нақтыланатынын айтты.

Жағдайды Қазақстан қалай қабылдады

Қазақстан СІМ мәліметінше, Ауғанстанда елшіліктің бірнеше қызметкерінен басқа Қазақстан азаматы жоқ. Бұған дейін елші Кабулда жұмысын жалғастырып жатқаны хабарланды. Қызметкерлердің бір бөлігі Ауғанстаннан шығарылды.

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Ауғанстан босқындарына қатысты шешім қабылдамағанын айтты.

"Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетіледі", - деп жазды Уәли.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша екі кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы Талибан* экстремистік қозғалысының билікке келуі Қазақстанға қаншалықты қауіп төндіруі мүмкін екенін талқылау үшін әскери және құқық қорғау ведомстволарының басшыларын шақырды.

Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға жедел ден қою шаралары және ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Президент ведомстволарға Ауғанстандағы ахуалды жан-жақты бақылауды жалғастыруды тапсырды, бұл осы елмен ынтымақтастыққа қатысты шешімдер қабылдау үшін аса маңызды.

Талибан* - Ауғанстандағы билікті басып алған діни экстремистік ұйым. Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде қызметіне тыйым салынған.

Жаңалықтар
0