НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Макинка маңындағы тас жолда жантүршігерлік жол апаты болды. Екі автокөлік соқтығысып, үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды, тағы төрт адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, Нұр-Сұлтан – Петропавл автобанының 179 шақырымында жол апаты болды.
"Елордадан шыққан Skoda автокөлігінің жүргізушісі, Нұр-Сұлтан қаласының 43 жастағы тұрғыны ара қашықтықты сақтамай, жолшыбай кетіп бара жатқан Zaz Chance көлігімен соқтығысты. Оны 23 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғыны басқарған. Екінші көліктегі үш жолаушы оқиға орнында мерт болды. Олар 24, 27 және 29 жаста болған", - деп нақтылады ведомстводағылар.
Куәгерлердің айтуынша, жүргізушінің қатты жылдамдықпен жүргені соншалық, көз жұмғандардың денесі көлік салонынан жолға ұшып кеткен.
Тағы төрт адам жақын маңдағы Бұланды орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Олар Zaz Chance жүргізушісі мен 23 жастағы жолаушы, Skoda көлігінің екі жолаушысы – 18 бен 19 жастағы елорда тұрғындары.
Тағы оқыңыз: Науқасты ауруханаға апарған: Павлодар облысында жас дәрігер көз жұмды
Skoda жүргізушісі ауыр жарақат алған жоқ. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл бап бойынша белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.