Х-95 гипердыбысты зымыранының қандай мүмкіндігі бар

Ресей жоғары технологиялық қару-жарақ дайындау саласы бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Ұзақ қашықтыққа ұшуға арналған Х-95 авиациялық гипердыбысты зымыраны технологиялық және әскери жетістіктің кезекті дәлелі болып отыр
Sputnik

Х-95 гипердыбысты зымыраны туралы алғаш рет биыл тамыздың басында РФ Қарулы күштері Бас штабы Әскери академиясының басшысы Владимир Зарудницкий "Военная мысль" атты қорғаныс министрлігінің журналында айтты. Әскери бас қолбасшының мақаласы соққы жасау және жою авиациясын қолдануды қарастыратын әскери-ғарыш саласындағы басымдыққа арналған. Бұл жағдайда аспанда орналастырылған дәлдігі жоғары зымырандар шешуші рөл ойнайды. Егер Х-95 зымыраны туралы осындай деңгейде сөз қозғала бастаса, онда ол қоладануға дайын деген сөз.

Жоғары дәлдіктегі алысқа ұшатын Х-95 гипердыбысты зымыраны Ту-22М3М және Ту-160М бомбалаушы ұшақтарының соғысу мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ алыс қашықтықтағы авиацияның перспективалы авиациялық кешеніне арналған. РИА Новости ұсынған ақпарат бойынша Х-95 аппаратының тәжірибелік үлгілері ауадағы тасымалдағыш арқылы сынақтан өткізіліп қойған.

Ресейлік "стратег" зымыран қашан пайдалануға берілетіні белгілі болды

Жаңа авиация зымыранының техникалық сипаттамалары жайлы ешқандай дерек келтірілмеген. Бірақ Х-47М "Кинжал" гипердыбысты зымыранының жылдамдығы 12 Махқа дейін жететіні және МИГ-31К тасымалдағыш радиуысын есепке алмағанда 2 000 километр қашықтыққа ұша алатыны белгілі. Жалпы "Кинжал" зымыран кешені 2018 жылы қарулануға қабылданған болатын.

Сондықтан жаңа Х-95 зымыраны одан да жылдам және кемінде 5000 километрге ұша алады деп болжауға негіз бар. Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің авиациялық орналастыруға арналған гипердыбысты қаруға қойған басты талаптарының бірі іске қосу аймағынан кемінде 5000 километр қашықтықтан қарсыластың стратегиялық ннысандарына соққы жасау мүмкіндігі болатын. Бұл әскери-ғарыш күштерінің ұшақтары F-22 тектес жоюшы ұшақтар мен әуедегі және зымыран шабуылдарына қарсы қорғаныс жүйелерінің әрекет ету аумағынан тыс болуы үшін маңызды.

Бүгінде Ұзақ қашықтықтағы авиацияға қарасты Ту-160 пен Ту-95МС ұшақтары 5500 километрге ұша алатын Х-101 (Х-102 зымыранының бастұмсығы термоядролық сипатта орындалған) заманауи қанатты зымырандарымен қаруланған. Оның әлемде баламасы жоқ. Әйтсе де көзге түсу деңгейі төмен Х-101 аппараты ықтимал қарсыластың зымыран шабуылынан қорғану құралдарының құрсауында қалып қоюы мүмкін. Сол себепті ұзақ қашықтыққа арналған Х-95 зымыраны соғыс кезінде басымдылыққа ие факторға айналуы мүмкін.

Х-95 гипердыбысты зымырандарына арналған стратегиялық тасымалдағыштарға қатысты проблема туындамайды. Тіпті ұзаққа жарамды Ту-95МС ұшақтарын есепке алмаған күннің өзінде бүгінде ресейлік әскери-ғарыш күштерінің қатарында 16 Ту-160 зымыран тасымалдағышы бар. Біртіндеп оларды Ту-160М деңгейіне дейін модернизациялап, жылдамдықты сағатына 2200 километрге дейін үдетуге мүмкіндік беретін НК-32 екінші серия қозғалтқыштарымен жабдықтайды.

Қазан авиазауыты жаңартылған үлгіде елуге жуық Ту-160М ұшағын дайындауды жоспарлап отыр. Алыс қашықтықтағы авиацияның перспективалы авиациялық келшенінің сериялық өндірісі 2028-2029 жылдарға жоспарланған.

Ресей зымыран әскерін не үшін күшейтіп жатыр?

РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу гипердыбысты кешендерді ядролық емес тежеудегі негізгі күш деп атады. Ақпанда Ресейде Су-57 бесінші буын жойығштарына арналған "Гремлин" жаңа гипердыбысты зымырандарын дайындау туралы ақпарат пайда болды. "Гремлин" сынақтары 2023 жылы өтеді деп көзделуде. Соған қарағанда Ресей қазір туындап отырған сыртқа қауіп-қатерді есепке алып, гипердыбысты зымырандар өндірісін арттыруды жоспарлаған секілді.

Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскеріндегі "Авангард", әскери-ғарыш күштеріндегі "Кинжал" мен әскери-теңіз флотындағы "Циркон" Ресей қауіпсіздігінің күзетін тұр. Теңізде орналастыруға арналған "Циркон" гипердыбысты зымырандары мемлекеттік сынақты сәтті аяқтап қалды және жақын уақытта 22350 жобасы фрегаттарының, 885М жобасындағы "Ясень-М" көпмақсатты субмаринаның, "Адмирал Нахимов" модернизацияланған зымыран крейсерінің қару-жарағы қатарына енгізіледі.

Гипердыбысты қару-жарақ дайындау және өндірісі бойынша Ресей көш бастап келеді. Сондықтан Х-95 зымыраны дайындалып жатқаны туралы ақпарат көп елде резонанс тудырды. Сол себепті Пентагон орыстардың гипердыбысты қаруынан төнген қауіпке төтеп беретіндей қауқар болуы үшін Конгрестен қосымша қаржыландыруды мақұлдауды сұрады. Соған қарағанда 740 миллиарды құрайтын әскери бюджет гипердыбысты қару дайындауға жетпейтін секілді.

Қалай болғанда да жыл сайынғы миллиардтаған шығынға қарамастан, АҚШ гипердыбысты технологиялар саласында Ресейден кейін қалып отыр.

Жақында ғана AGM-183A Air-Launched Rapid Response Weapon авиация зымыранының прототипін сынау кезінде Оңтүстік Калифорния жағалауында аппарат бомбалаушы ұшақтан бөлініп шыққанымен, реактивті тартылыс іске қосылмай қалды. Кейбір мәлімет бойынша зымыран ұшырылғаннан кейін бірден реактивті қозғалтқыш іске қосылып, соның салдарынан "зымыран нысанаға дөп тие алмады".

Осы жағдайға байланысты АҚШ-та арнайы комиссия құрылып, гипердыбысты прототиптің сәтсіз сынағының себептерін анықтайтын болады. Зымыран жанармайының детонациясы түріндегі мұндай апат тасымалдаушы ұшаққа үлкен қауіп төндіреді. AGM-183A зымыранын B-52H Stratofortress бомбалаушы ұшағы тасымалдағанын атап өту керек. Сәтсіз сынақтардың бірінен кейін бірі жалғасуы әскери-әуе күштері үшін бүгінде жалғыз ARRW гипердыбысты жобасынан күмәндануға итермелеуде.

АҚШ-тың гипердыбысты зымыраны тағы да сынақтан өте алмады

АҚШ әскери-әуе күштерінің қарулану бағдарламасының атқарушы директоры генерал Хит Коллинз 4 тамызда 2022 қаржы жылының соңына дейін гипердыбысты зымыран өндірісін іске қосу 28 шілдеде әуеге көтерілген зымыранның істен шығуындағы проблеманы шешуге байланысты болатынын айтты.

Біраз бұрын америкалық әскери-әуе күштері 2022 бюджет жылы үшін 12 AGM-183A (ARRW) зымыранын дайындауға 161 миллион доллар бөлуді сұрады. Алайда АҚШ-тың әскери бюджеті гипердыбысты технологиялар бойынша сынақтарға арнап 3,2 миллиард доллар шығынды қарастырған. Сондықтан ақшаның көп көлемде бөлінуі үлкен жетістікке кепіл болмайтынын аңғаруға болады.

ARRW жобасы үшін америкалықтар 2020 жылдың ақпанында қымбат гипердыбысты HCSW бағдарламасынан бас тартты. Пентагон үшін гипердыбысты технологиялар әзірлеуде бірінші орында тұрған Lockheed Martin компаниясы 923 миллион долларға келісімшартты қарастырды. Ең қызығы, Америкада гипердыбысты зымыран әзірлеуге арналған сегіз жекелеген бағдарлама бар. Бірақ іске қосылған және сынақтан сәтті өткен бірде-бір техника әлі жоқ.